Қостанай облысында 80 жыл бұрын салынған жол жөнделді

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM – «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы республикалық маңызы бар KAZ-19 «Қостанай — Рудный — Денисовка — Комсомольское — Қарабұтак» автомобиль жолының 296 — 319 шақырым аралығындағы Адаевка ауылынан Бестөбе ауылына дейінгі учаскесінде орташа жөндеу жұмыстарының аяқталғаны туралы хабарлады. 

Қостанай облысында 80 жыл бұрын салынған жол жөнделді
Фото: ҚазАвтоЖол

Жөндеуден өткен жол учаскесінің жалпы ұзындығы 23 шақырымды құрайды.

— Аталған жол учаскесі Қамысты ауданының аумағынан өтеді және өңірдің әкімшілік орталығы — Қостанай қаласына кіреберістердің бірі болып саналады, — делінген хабарламада.

Сондай-ақ, бұл жол Ақтөбе облысымен көлік қатынасын қамтамасыз етіп, Ресей Федерациясымен мемлекеттік шекараға шығуға мүмкіндік береді. KAZ-19 автомобиль жолының стратегиялық маңызы бар, ол жүк пен жолаушылар тасымалының, соның ішінде халықаралық бағыттардың қозғалысын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Аталған учаскеде соңғы күрделі жөндеу жұмыстары 2017 жылы жүргізілген.

Қостанай облысында 80 жыл бұрын салынған жол жөнделді
Фото: ҚазАвтоЖол

Бұл жол алғаш рет 1941 жылы салынған және содан бері шұңқырларды жөндеу жұмыстарын қоспағанда, жол жабыны айтарлықтай тозған.

Жобаны жүзеге асыруға 30 жол-құрылыс техникасы және 35 маман жұмылдырылды. Атқарылған жұмыстар автомобиль жолының техникалық жағдайын қалпына келтіруге, жол қозғалысы қауіпсіздігін едәуір арттыруға және өңірлер арасындағы тұрақты көлік байланысын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. 

Қостанай облысында 80 жыл бұрын салынған жол жөнделді
Фото: ҚазАвтоЖол

Ал, Қостанай облыстық әкімдігінің мәліметінше,  өңір үшін маңызы зор жол инфрақұрылымы жобасы жүзеге асты — А-21 «Қостанай — Мамлютка» республикалық маңызы бар автожолының Узункөл ауылынан Троебратское ауылына дейінгі 71 шақырымдық учаскесі толық жөндеуден өтті. Бұл жолдың қалпына келтірілуі — жергілікті тұрғындар үшін көптен күткен жаңалық, сондай-ақ билік пен мердігер ұйымдардың тиімді әріптестігінің нақты нәтижесі болды.

Аталған автожол алғаш рет 1978 жылы салынған. Содан бері ұзақ жылдар бойы жолдың жағдайы күрт нашарлап, көп бөлігінде асфальт жамылғысы мүлде тозып, шұңқырлар мен ойықтар пайда болды. Кейбір жерлерде мүлде асфальт болмаған. Әсіресе күзгі және көктемгі кезеңдерде жолмен ауыр жүк көліктерінің өтуі мүмкін емес еді. Бұл жағдай ауыл тұрғындарының күнделікті тіршілігі мен жүк тасымалына елеулі кедергі келтірді.

Жол пайдалануға берілгеннен кейінгі бірнеше онжылдық ішінде тек 2018 жылы ғана 18 шақырымдық (195–213 км) бөлігінде орташа жөндеу жүргізілген. Алайда бұл бүкіл бағыттағы жағдайды түзете алмады.

Аталған автожол Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарын байланыстырып қана қоймай, Пресногорьковка ауылы арқылы Ресей Федерациясына шығатын бағытқа да жол ашады. Бұл жолды күнделікті Троебратское, Сатай, Фёдоровка, Ұқатқан, Сокол, Сібірка, Пресногорьковка, Есмұрза, Құттыаяқ (Крутоярка), Волна, Белоглинка, Қызылбор (Красный Борок), Песчанка, Первомайка сынды ауылдардың тұрғындары пайдаланады. Жалпы бұл жол бойындағы елді мекендерде 6157 адам тұрады — бұл аудан халқының 34,5 пайызына тең.

Жолдың толық жөнделуі көлік қатынасының қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, шалғай ауылдардың облыс орталығымен және басқа өңірлермен байланысын жеңілдетіп отыр. Енді ауыл тұрғындары жылдың қай мезгілі болмасын еш қиындықсыз қатынай алады, ал кәсіпкерлер мен тасымалдаушылар үшін жол қолайлы әрі тиімді болады.

Жобаның іске асуы — өңірлік инфрақұрылымды дамытудың, ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартудың нақты көрінісі. Жөндеу жұмыстары барлық стандарттарға сай жүргізілген, ал жаңартылған жол бөлігінің жағдайы үнемі бақылауда болады деп жоспарланған. 

Еске сала кетейік, ҚазАвтоЖол бұған дейін 1403 байланыс орталығы 17 мыңнан астам өтінімді өңдегенін хабарлаған еді.

Соңғы жаңалықтар