Қостанай облысында ауа райына байланысты төрт жол учаскесінде қозғалыс шектелді

АСТАНА. KAZINFORM – Қостанай облысында қар жауып, жел күшейіп, көктайғақ болуына байланысты республикалық маңызы бар төрт автожол учаскесінде жазғы дөңгелекпен жүретін көліктердің қозғалысына шектеу енгізілді, деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы.

метель, боран, снег, закрыта дорога, автомобиль, көлік, қар, жол жабық
Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

Шектеу 18 қараша күні сағат 10:00-ден бастап күшіне енді.

– 2026 жылғы 18 қараша сағат 10:00-де ауа райының қолайсыздығына (қар, жел, көктайғақ) байланысты Қостанай облысында республикалық маңызы бар келесі автожолдарда жазғы дөңгелектермен жабдықталған автокөліктердің барлық түрлері үшін қозғалысқа шектеу енгізілді, – делінген компания хабарламасында.

Атап айтқанда, қозғалысқа шектеу мына жол учаскелерінде қолданылады:

  • «Астана – Атбасар – Жақсы – Рузаевка – Сарыкөл – Қостанай (айналма жолымен) – РФ шекарасы» автожолының 418-539 шақырымы (Қарабалық кенті – Қостанай қаласы);

  • «Астана – Атбасар – Жақсы – Рузаевка – Сарыкөл – Қостанай (айналма жолымен) – РФ шекарасы» автожолының 555-685 шақырымы (Тобыл қаласы – Сарыкөл кенті);

  • «Қостанай – Әулиекөл – Сұрған» автожолының 7-108 шақырымы (Тобыл қаласы – Әулиекөл кенті);

  • «Қостанай – Мамлютка» автожолының 250-404 шақырымы (Ұзынкөл кенті – Тобыл қаласы).

Жүргізушілер жолдардың жай-күйі мен қозғалысқа енгізілген шектеулер туралы қосымша ақпаратты 1403 байланыс орталығына хабарласып, тәулік бойы ала алады.

Айта кетейік, бұған дейін «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Қазақстанның 11 облысында, соның ішінде Қостанай өңірінде қар жауып, жолдарда көктайғақ болуы мүмкін екенін ескерткен еді. Жүргізушілерге жылдамдықты жол жағдайына қарай таңдап, қауіпсіз арақашықтықты сақтау ұсынылды.