Қостанай облысында биылғы қыс қандай болады? Синоптиктер болжамы
АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай облысында 2026–2027 жылғы қыс біршама жылы болады деп күтілгенімен, ауа температурасы күрт құбылуы мүмкін. Синоптиктер боран, қатты жел, көктайғақ пен тұман болатынын болжайды. Бұл туралы Kazinform тілшісі хабарлайды.
Маусымдық консультативтік болжамға сәйкес, алдағы қыс салыстырмалы түрде жылы әрі жауын-шашын мөлшері қалыпты деңгейде болады. Дегенмен маусым бойы күннің жылынуы суық ауа райымен алмасып, температура жиі құбылуы мүмкін.
Мұндай өзгерістер қар жамылғысының бетінде мұз қабатының пайда болуына әкелуі ықтимал. Сонымен қатар облыстың кей жерлерінде боран соғып, жел күшейеді, көктайғақ пен тұман болады деп болжанып отыр.
Желтоқсан
Желтоқсанда ауаның орташа температурасы климаттық нормадан 2 градусқа жоғары болады деп күтіледі. Ал жауын-шашын мөлшері осы айға тән қалыпты деңгейде болжанып отыр. Желтоқсан айына арналған толық болжамды мына жерден оқуға болады.
Қаңтар
2027 жылғы қаңтарда Қостанай облысының басым бөлігінде ауаның орташа температурасы климаттық норма шамасында болады. Әдетте өңірде қаңтардың орташа температурасы -14…-16,3 градус аралығында. Жауын-шашын мөлшері де қалыпты деңгейде күтіледі. Қаңтар айының нормасы – 10-23 миллиметр.
Ақпан
Қыстың соңғы айы да әдеттегіден біршама жылы болады деп болжанып отыр. Облыстың басым бөлігінде ауаның орташа температурасы климаттық нормадан 1-3 градусқа жоғары болуы мүмкін. Ал өңірдің солтүстігінде айтарлықтай ауытқу күтілмейді.
Ақпан айындағы климаттық норма -13,3…-15,3 градус аралығында. Облыстың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері қалыпты деңгейде, яғни 8-22 миллиметр шамасында болады. Дегенмен өңірдің солтүстік-шығысында жауын-шашын әдеттегіден көбірек түсуі мүмкін.
Қыс салыстырмалы түрде жылы болғанымен, синоптиктер ауа температурасының күрт өзгеруінен, бораннан, көктайғақтан және қар жамылғысының бетінде мұз қабатының пайда болуынан сақ болуды ескертеді.
Бұған дейін хабарланғандай, 18 қарашада елдің бірнеше өңірінде қар жауып, екпіні күшті жел соғады.