Қостанай облысында желтоқсанда аяз -29 градусқа дейін жетуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай облысында желтоқсан айы әдеттегіден жылы болады деп болжанып отыр. Дегенмен кей күндері қатты аяз күтіледі. Ауа температурасы -29 градусқа дейін төмендеуі мүмкін. Бұл туралы Kazinform тілшісі хабарлайды.

Из-за морозов учеников и студентов Костанайской области отправят на онлайн
Фото: freepik.com

Синоптиктердің болжамынша, желтоқсан айындағы орташа температура -9…-13 градус шамасында болады. Бұл климаттық нормадан шамамен 2 градусқа жоғары. Ал жауын-шашын мөлшері әдеттегі деңгейде, яғни 12-24 миллиметр аралығында болады деп күтіледі.

Желтоқсанның басында күн біртіндеп суытады. Айдың алғашқы күндері түнде ауа температурасы -5…-10 градус болса, кейін аяз күшейіп, -17…-22 градусқа дейін төмендейді. Күндізгі температура +1…-4 градустан -11…-16 градусқа дейін түседі.

Бірінші онкүндіктің соңына қарай күн сәл жылынады. Түнде -12…-17 градус, күндіз -6…-11 градус болады.

Айдың ортасында ауа температурасының күрт өзгеруі күтілмейді. Түнде термометр бағаны негізінен -7…-17 градусты, күндіз -1…-11 градусты көрсетеді.

Желтоқсанның соңғы онкүндігінде әуелі күн жылынады. Күндіз ауа температурасы 0 градусқа дейін көтеріліп, түнде -5…-10 градус шамасында болады. Алайда кейін өңірде аяз күшейеді.

Түнде ауа температурасы -19…-24 градусқа дейін төмендейді. Облыстың оңтүстік-шығысында -29 градус аяз болуы мүмкін. Күндіз -13…-18 градус күтіледі.

Желтоқсанның соңына қарай аяз қайта бәсеңдейді. Түнде -14…-19 градус, күндіз -8…-13 градус болады.

Температураның құбылуынан бөлек, өңірде қар жауып, боран соғуы мүмкін. Мұндай ауа райы айдың басында, 10 желтоқсаннан кейінгі бірінші жартысында, сондай-ақ соңғы онкүндіктің ортасы мен аяғында күтіледі.

Ай бойы көктайғақ пен тұман болуы ықтимал. Сонымен қатар синоптиктер жел екпіні секундына 15-20 метрге дейін жететінін болжайды.

Айта кетейік, бұған дейін Павлодарда қараша айы климаттық нормадан 2 градусқа жылы болатыны хабарланды.