Қостанай облысында екі ауыл кәсіпкерлері энергетикалық сусын сатудан бас тартты
Қостанай облысындағы екі ауылда жергілікті 6 дүкен энергетикалық сусындар сатуды тоқтатады. Мұндай шешім кәмелетке толмағандар арасында сусындарға сұраныстың артуынан, сондай-ақ жүк көлігі жүргізушілерінің жол апаттарына жиі түсуінен қабылданған, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Энергетикалық сусын сатудан толығымен бас тартуды Новотроицк ауылдық округіндегі екі ауыл шешіп отыр. Проблема сауда нүктелерінің өкілдері шақырылған қоғамдық отырыста талқыланып, шешім қабылданды. Оны жиналғандардың барлығы бірауыздан қолдады.
«Идеяны жергілікті учаскелік инспектор ұсынған. Оның айтуынша, соңғы уақытта фура жүргізушілерінің арасында екі өлім жағдайы (жүректің тоқтауы) тіркелген. Ал біз шекараға жақын жерде орналасқанбыз, олар дүкендеріміздің жанында жиі тоқтап жатады. Оған қоса, мектеп оқушылары да энергетикалық сусынды жиі іше бастады. Энергетиктерді сатуды тоқтату шешімі қабылданды. Қазір сатушылар қалған тауарды сатып бітіреді де, одан әрі оған тапсырыс бермейді», - деп баяндады жергілікті қоғам белсендісі Әмина Жақыпова.
Кәсіпкерлер бұл идеяны қолдады.
Еске салайық, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында жасаған баяндамасында елімізде 21 жасқа дейінгі жастарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салу жоспарланып отырғанын айтты.