Қостанай облысында инкассатор 39 млн-нан астам теңге ұрлаған
ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM – Лисаковск қаласының соты қызмет бабын пайдалана отырып, бөтеннің мүлкін қолды етті деп айыпталған қала тұрғынына қатысты үкім шығарды.

Қостанай облыстық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, сотталушы Лисаков қаласы мен Қостанай–Жітіқара автожолы бойында орналасқан серіктестіктің өзін-өзі қызмет көрсету терминалдарын техникалық жағынан қамтамасыз ететін маман болып жұмыс істеген. Ол 2022 жылдың маусым айы мен 2023 жылдың қарашасына дейін «Kassa 24» сертификатталған төлем жүйесіне тіркеместен терминалдардан ақшаны жинаған және қаржыны компанияның кассасына өткізбеген.
Ұрлық 20 терминалды инкассациялау барысында анықталған. Серіктестікке келтірілген жалпы шығын 39 миллион теңгеден асып кеткен.
Прокуратура айыпталушыға орташа қауіпсіздік деңгейіндегі түзеу мекемесінде 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын және қосымша шараларды тағайындауды сұрады. Сотталушы өз кінәсін толық мойындады. Жәбірленуші тараптың өкілі жаза тағайындау мәселесін соттың қарауына қалдырды.
Нәтижесінде сот оны 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сондай-ақ оған 5 жыл бойы басшылық және материалдық жауапкершілік жүктелетін лауазымдарды атқаруға тыйым салынды. Азаматтық талап толық қанағаттандырылды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Осыған дейін Қостанай облысында нәресте өлімі үшін бас дәрігерлерге сөгіс жарияланғаны туралы жаздық.