Қостанай облысында қызылша дерті өршіп тұр

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM — Қостанай облысында қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай күрт нашарлады. Биыл екі айға жуық уақытта 153 жағдай анықталса, былтыр барлығы 52 науқас тіркелген. Салыстырмалы түрде жағдайдың шамамен үш есеге өскені байқалады.

қызылша
Фото: freepik

Бұл туралы Қостанай облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айдана Бүркітбаева хабарлады. Оның айтуынша, сырқатты жұқтырғандардың 90,8 пайызы екпе алмаған.

Сырқаттың ең көп таралған аумағы Қостанай (81 жағдай) мен Арқалық қаласында (33 жағдай) тіркелді. Облыстың басқа аудандары мен қалаларында 10-12 жағдайға дейін анықталды.

Қызылшаны көбіне балалар жұқтырған. 

  • 4 жасқа дейінгі балалар — 105 (68,6%);
  • 4-14 жас аралығындағы балалар — 22;
  • Жасөспірімдер — 5;
  • 20 жастан асқан ересектер — 21.

Әлеуметтік мәртебесі бойынша науқастар арасында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына баратын балалар, мектеп оқушылары, студенттер және жұмыс істейтін ересектер басым.

Мамандар қызылшаның ауа арқылы тез таралатын жұқпалы вирус екенін еске салды. Оны жұқтырған адаммен байланыста болған кез келген екпе қабылдамаған адам қызылшамен ауыруы әбден мүмкін.

Қызылша дерті — көру, есту қабілеттерін бұзып, пневмония мен жүйке жүйені зақымдап, бойдағы сырқатты асқындырады.  

Қазіргі таңда вакцинаны қабылдамау індеттің кең таралуына себеп болып отыр. Сондықтан облыста екпе егу жұмысы күшейген.

  • 6 айдан асқан балаларға қосымша екпе егу; 
  • науқаспен соңғы 72 сағат ішінде байланыста болған адамдарды шұғыл вакцинациялау; 
  • балабақшаларға, мектептерге және жабық мекемелерге қабылдау кезінде вакцинация мониторингі күшейтілді;
  • екпе алмаған балаларда қызылша ауруы анықталса, балабақшалар мен мектептерден уақытша шығарылады.

Жыл басынан бері облыста эпидемиологиялық көрсеткіш бойынша 804 адам екпе қабылдады, оның 593-і бала.

Айта кетейік, Ақтөбеде қызылша жұқтырғандар саны үш есе артты. Жалпы елімізде қызылшамен ауырғандардың 78%-ы екпе алмаған.

Соңғы жаңалықтар
Референдум