Трактордан иномаркаға дейін - Қостанайда машина жасау саласы қалай дамыды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Қыркүйектің соңғы жексенбісінде Қазақстанда машина жасаушылар күні атап өтіледі. Машина жасау кез келген дамыған ел экономикасында жетекші рөл атқарады. Бұл салада Қостанай облысының алатын орны ерекше. Аймақта машина жасау өткен ғасырдың 80-ші жылдарының аяғынан бастап дами бастады. Кәсіби мерекеге орай өңірде осы саланың қалыптасуын көзбен көрген мамандарды сөзге тартқан едік.

Өңірде машина жасау саласы қалай пайда болды
Қостанай облысында машина жасау ісін қолға алуға өңірдегі демографиялық мәселе себеп болды. Кеңес заманында негізінен әйелдер жұмыс істейтін кәсіпорындар танымал болды, облыста олардың көптігінен тепе-теңдікті сақтау үшін жаңа зауыт ашуға тура келді.
«Кеңес заманында бізде төрт ірі кәсіпорын болды: мауыт-мата комбинаты, химиялық талшық зауыты, тігін және аяқ киім фабрикасы. Мұнда негізінен әйелдер жұмыс істеді. Демографиялық мәселені шешу үшін 80-ші жылдары Германияның Magirus қозғалтқыштарын шығаратын зауытымен кәсіпорын салу туралы келісім жасалды. Бұл ауамен салқындатылған дизельді қозғалтқыштар зауыты болды», - дейді техника ғылымдарының кандидаты Болат Салықов.

Зауыт құрылысына аумақ бөлініп, арнайы нысандар салынды. Зауытта жұмыс істеу үшін Челябі және Миасстан мамандары шақырылды. Осылайша өңірде машина жасау саласындағы алғашқы кәсіпорын жұмысын бастады. Бірақ КСРО ыдырағаннан кейін кәсіпорын уақытша жұмысын тоқтатты.
«Кейін, зауыт базасында автомобильдердің басқа түріне арналған қозғалтқыштар жасау туралы шешім қабылданды. Тіпті бірнеше қозғалтқышты шығарып та үлгерді. Бірақ кейін ірі және шағын түйінді құрастыруды ұсынған шетелдік инвесторларға басымдық беру туралы шешім қабылданды. Содан кейін нарыққа SsangYong автомобиль маркасымен корейлер келді», - дейді техника ғылымдарының кандидаты.
Ғалымның айтуынша, өңірде автомобиль құрастыру көбірек дамыған, ал машина жасау енді-енді қарқын алып келеді, қазір жүк көліктеріне арналған бөлшектер, ауыл шаруашылығына қажет сепкіштер жасалады.
Алайда, Болат Салықовтың айтуынша, өңір машина жасауды дамыту үшін кездейсоқ таңдалмаған. Қостанай облысының географиялық жағдайы өте қолайлы.

«Қостанай облысы Ресей Федерациясының ірі өңірлерімен шектеседі, көлік инфрақұрылымы бойынша да мүмкіндіктері жоғары: бізде шикізатты, дайын өнімді және т.б. тасымалдауды қамтамасыз ететін жол, теміржол қатынастары дамыған. Сонымен қатар, мұнда шикізат ресурстары, соның ішінде темір рудасы бар. Мемлекет тарапынан қолдау, жеке инвестициялар тарту да маңызды рөл атқарды», - деп атап өтті спикер.



Осының арқасында нарыққа француздар, корейлер, жапондар, орыстар, қытайлар келді. Зауыттың қазіргі жылдық өндірістік қуаты - 100 мың автокөлік. Көлік өндірісі бойынша нарықтағы үлесі - 62%.
Басынан қайта бастау
Allur зауытының қалыптасуын, (компанияға облыстың барлық машина жасау кәсіпорындары, соның ішінде жеңіл автомобильдер өндірісі, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын кәсіпорындар кіреді) көзімен көргендердің бірі – зауыттың орталық зертханасының бастығы Светлана Володина. Ол еңбек жолын 80-ші жылдардың аяғында, өңірде алғашқы дизель зауыты пайда болған кезде бастаған.
«Менің еңбек жолым 1989 жылы басталды. 90-шы жылдардан өткеннен кейін комбайндар шығарылып, өндіріс қалпына келтіріле бастады. Араға уақыт салып автомобильдерді құрастыру қолға алынды. Бірінші машина жапондық Toyota болды, одан кейін SsangYong маркалы автомобиль өндірісі жолға қойылды. Кәсіпорын тарихы солардан басталады», - дейді Светлана Володина.

Оның айтуынша, бастапқыда өндіріс құрастыруға негізделді. Алдымен брендтелген жасақтаушы материалдар жиналды. Дәнекерлеу және бояу цехтары ашылғаннан кейін өндірістің толық цикліне көшті.
«Қазіргі уақытта біз CKD өндірісінің көлемін кеңейтіп жатырмыз. Бүгінгі таңда зауытта шағын түйін - Kia Sportage, Kia Cerato, Chevrolet Enix, Jac S3 Pro сияқты автомобиль маркалары шығарылады», - дейді Светлана Володина.



Светлана Володина Қостанай шағын қала болғандықтан, машина жасау саласының мамандарын тауып, істі қайтадан бастау қиын болғанын атап өтті. Бірақ қазір зауытта тәжірибелі мамандар жұмыс істейді, олар білгендерін жастарға үйретіп жатыр.
«Егер бұрын механикамен басқарылатын автокөліктерге сұраныс жоғары болса, қазіргі заманғы машиналар негізінен автоматикамен шығарылады. Сыртқы пішіні, ішкі құрылымы өзгеріп жатыр. Біз мұны сала қызметкерлері ретінде де, қарапайым тұрғын ретінде де байқаймыз», - дейді спикер.

Оның айтуынша, сапа мен технология стандарттарына сәйкестік қана өзгеріссіз қалды.
«Біздің зертхананың міндеті - өнімді де, процесті де тексеру. Біз жабын процесін бақылаймыз, дәнекерлеуден кейін машина бояуға кіргенде, корпустың, пластиктің және т.б. жабынның қалыңдығын тексереміз. Өткен жылдардағы және қазір технологияға келетін болсақ, химиялық процесс өзгерген жоқ. Айырмашылықтар нарыққа кіретін брендтердің талаптарында ғана бар. Яғни, қалыңдығында, түсінде, жылтырлығы және т.б.», - дейді маман.
«Детройттан» үміттіміз бе
Светлана Володинаның айтуынша, Қостанай облысында машина жасау саласы әлі де даму үстінде, бұл үдеріс жалғаса бермек.
«Әрине, біз жоғары деңгейге жету үшін тырысып, бәрін жасаймыз. Ол үшін әрине инвестициялар, үлкен қаражат керек. Зауыт жұмыс істеп тұр, жаңа өндірушілер келіп жатыр, келешекке үміт зор», - дейді Светлана Володина.
Қазір Қостанай облысында Kia (Корея) автомобильдерін құрастыратын жаңа өнеркәсіптік аймақты іске қосу жоспарланған. Зауыттың өзі қазіргі уақытта Өзбекстанмен, Чехиямен, Ресей және Қытаймен ынтымақтастықта жұмыс істейді.


