Қостанай облысында мектеп оқушысына қатысты зорлық-зомбылық дерегі тергеліп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай облысындағы мектептердің бірінде кәмелетке толмаған балаға зорлық-зомбылық жасалғаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

полиция
Фото: Polisia.kz

Оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желіде жарияланған. Ондағы мәліметке қарағанда, оқушылардың бірі өзге кәмелетке толмағандардан зорлық-зомбылық көрген. Алайда оқиғаның мән-жайы әзірше ресми түрде расталған жоқ.

Қостанай облысының полиция департаменті 2026 жылғы 16 қарашада Қамысты ауданында болған оқиғаға байланысты қылмыстық іс тіркелгенін хабарлады.

— Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайы мұқият тексеріліп жатыр. Асығыс қорытынды жасамауды сұраймыз. Жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке дейін жаза қарастырылғанын еске саламыз. Тергеу жалғасып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды, — деп хабарлады Қостанай облысының полиция департаменті.

Қостанай облысындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Несібелі Басенова да жағдайға қатысты пікір білдірді. Белгілі болғандай, 16 қарашада оқушының анасы баласының құқықтарын қорғауға көмектесуін сұрап, уәкілге жүгінген. Басенованың айтуынша, ол тиісті мемлекеттік органдармен және құқық қорғау органдарымен байланысқан.

— Баланың анасы маған өзі хабарласты. Онымен сөйлесіп, өкілетім бойынша баланың құқықтарын қорғауға қатысты барлық мәселеге қатысты көмек көрсеттім. Сондай-ақ тиісті мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен байланысқа шықтым. Жағдай менің бақылауымда, — деді ол.

Ол сонымен қатар әлеуметтік желіде тараған баланың анасына қысым көрсетілуі мүмкін деген ақпаратқа қатысты түсінік берді.

— Бұл мәліметтер әлі тексерілуі керек. Тексеру нәтижесі шықпайынша, қысым көрсету дерегін де, оның кім жасағанын да растай алмаймын. Қазір ең бастысы — баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оған және отбасына қажетті көмек көрсету. Мен анасымен байланыстамын және баланы қорғау үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын бақылап отырамын, — деді ол.

Қазіргі уақытта қылмыстық істі тергеу жалғасып жатыр. Оқиғаның нақты мән-жайы анықталады.

Қостанай облысының білім басқармасы да жағдайға қатысты пікір білдірді.

Ведомствоның мәліметінше, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Оның аясында қажетті сараптамалар тағайындалады.

Бұдан бөлек, кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін ата-аналарға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабы бойынша хаттамалар толтырылған.

Сондай-ақ жағдай Қамысты аудандық кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында қаралады.

Еске салайық, бұған дейін Абай облысында ерекше күтімді қажет ететін балаларға 100-ден астам рет зорлық-зомбылық жасалғанын хабарлаған едік.