Қостанай облысында «Орталық – Батыс» автожол дәлізінің құрылысы басталды

АСТАНА. KAZINFORM - Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында қолға алынды және еліміздің көлік инфрақұрылымын дамыту мен транзиттік әлеуетін арттыру жөніндегі Үкімет жоспарларына енгізілген.

«Орталық – Батыс» автожол дәлізі
Фото: Көлік министрлігі

Көлік министрлігінің мәліметінше, құрылыс жұмыстары бір уақытта екі нүктеде – Қостанай облысының Арқалық қаласы мен Жанкелдин ауданына қарасты Торғай ауылында басталды. Құрылыс «Астана – Жәнтеке – Егіндікөл – Арқалық – Торғай – Ырғыз» бағыты бойынша жүргізіліп жатыр. Жолдың жалпы ұзындығы – 865 шақырым.

«Орталық – Батыс» автожол дәлізі
Фото: Көлік министрлігі

Жаңа жол дәлізі еліміздің орталық бөлігін батыс өңірлермен тікелей байланыстырмақ. Сонымен қатар ол Қазақстанды Транскаспий халықаралық көлік бағытына (ТХКБ) шығуға мүмкіндік береді.

Жаңа бағыттың арқасында Астана мен Ырғыз арасындағы арақашықтық 573 шақырымға қысқарады.

«Орталық – Батыс» автожол дәлізі
Фото: Көлік министрлігі

Құрылыс жұмыстарының барысында экологиялық мәселелерге ерекше көңіл бөлініп жатыр. Киіктердің қоныс аудару аймақтарында жолдың көлденең профилін өзгерту қарастырылған, 1:10 еңіс жануарлардың еркін әрі кедергісіз қозғалуына мүмкіндік береді.

Құрылыстың басталуына негізделген салтанатты іс-шараға Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев пен өңір басшысы Құмар Ақсақалов қатысты.

Айта кетейік, еліміздегі автожолдардың сапасын бақылау үшін 220 автожүйе орнатылады.

Соңғы жаңалықтар