Қостанай облысында полиция жол ережесін бұзушыларды дрон арқылы анықтап жатыр

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM – Қостанай облысында полиция жол қауіпсіздік ережесін бұзушыларды дрон арқылы анықтап жатыр. Бұл туралы Polisia.kz жазды. 

Қостанай облысында полиция жол ережесін бұзушыларды дрон арқылы анықтап жатыр
Фото: Polisia.kz

Ведомстволық өзара іс-қимыл шеңберінде прокуратура, ТЖД қызметкерлері мен полицейлер апатты-қауіпті учаскелер саны көп республикалық автожолдарда бірлескен жобаны сынақтан өткізді. Осы мақсатта полицияның және облыстың ТЖД қызметіндегі дрондар да қолданылуда. 

Құтқарушылардың айтуынша, дрон аппараты 50 шақырым қашықтықты бағындыра алады, жылдамдығы сағатына – 100 км. Олар жол қозғалысы ережелерін бұзуды және мемлекеттік нөмірлерді 2 шақырымға дейінгі қашықтықта тіркей алады. Тек екі күндік жұмыс барысында қарсы қозғалыс жолағына шыққан 6 жүргізуші ұсталды, олардың ішінде біреуі заңсыз жолаушылар тасымалын жүзеге асырған. Олардың барлығына қатысты алты айға жүргізуші куәлігінен айыру жазасы қолданылуы мүмкін. Мысалы, 15 қыркүйек күні түстен кейін квадрокоптер Jac Sanray көлігінің 35 жастағы жүргізушісінің қарсы жолаққа шығу фактісін тіркеді. Жол ережесін бұзушыға қатысты материалды полицейлер сотқа фото және видео дәлелдермен бірге жіберді.

Өрескел бұзушылықтардан басқа, ҰҰА жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілерді, қауіпсіздік белдігін тақпайтындарды, жол белгілерін, сондай-ақ қозғалыс кезінде ұялы телефонмен сөйлесетіндерді анықтайды. Полиция департаменті жүргізушілерді мұқият болуға және жол қозғалысы ережелерінің талаптарын сақтауға шақырады.

Соңғы жаңалықтар