Қостанай облысында су тасуына байланысты жол жабылды

АСТАНА. KAZINFORM — Су тасуына Қостанай облысы Қарасу ауданындағы «Қарасу-Үлкен Чураковка» жолындағы біріккен көл суларының артуы себеп болды. Сөйтіп жолдың бір бөлігі жабылды.

Карасу
Фото: Видеодан скриншот

Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаменті Қарасу ауданында көктемгі су тасқынынан кейін Алабота және Қойбағар көлдерінде су деңгейі нормадан асып, тас жолдарға тасып, «Қарасу-Үлкен Чураковка» учаскесінің (0-15 км) жабылғанын хабарлады. Жолдың бұл бөлігі жабық.

— Көлік қозғалысын қамтамасыз ету үшін Новоселовка ауылы мен Әулиекөл ауданы арқылы балама бағыттар қарастырылған, — деп түсіндірді баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, олар қазіргі уақытта жағдай тұрақталғанын, елді мекендерге төнген қауіп жоқ екенін хабарлады. Жағдай толық бақылауда.

Естеріңізге сала кетейік, бұдан бұрын Қостанай облысының Қарасу ауданында 5 тонна оралған пішен жанып кеткенін жазған едік.