Қостанай облысында такси жүргізушісіне шабуыл жасаған екі тұрғын сотталды

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM — Аудандық сотта автокөлік ұрлағаны және такси жүргізушісіне қарақшылық шабуыл жасағаны үшін кінәлі деп танылған екі адамға үкім шығарылды.

 такси
Фото: Pexels

Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, айыпталушылар 2025 жылдың 16 қыркүйегінде мас күйінде гаражға кіріп, ГАЗ-24 көлігін ұрлап кеткен. Жүргізуші көлікті басқару кезінде тізгінге ие бола алмай, көлік талға соққан. Кейін екі ер адам көлікті тастап, қашып кеткен.

Кейінірек олар басқа гаражға кіріп, Great Wall автокөлігін ұрлап кеткен. Алайда ақауы бар көлік жолда бұзылып, ұрылар оны Рудныйдан шыға берісте тас жолда қалдырған.

Олар бірнеше күннен кейін, яғни 2025 жылдың 19 қыркүйегінде әйел такси жүргізушісіне шабуыл жасап, оның Hyundai Accent және iPhone 14 Pro Max ұялы телефонын ұрлады.

Айыпталушылар көлік ұрлаудағы кінәсін ішінара мойындады, бірақ қарулы тонауға қатысы жоқтығын айтты. Жәбірленушілер жазалау туралы шешімді соттың қарауына қалдырды.

Қылмыстың бірнеше рет қайталануын және барлық оқиғалардың мас күйінде жасалғанын ескере отырып, сот екі айыпталушыны 11 және 9 жылға бас бостандығынан айырды. Сотталғандар жазасын қатаң режимдегі мекемелерде өтейтін болады. Жәбірленушілердің азаматтық талаптары толығымен қанағаттандырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, Алматыда ер адам азық-түлік дүкенінде әйелге қарақшылық шабуыл жасаған еді.

Соңғы жаңалықтар