Қостанай облысындағы акушерлік және педиатриялық қызметтерге кешенді аудит басталды

АСТАНА. KAZINFORM- ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы мониторинг тобы Қостанай облысындағы акушерлік, гинекологиялық және педиатриялық қызметтердің жұмысына кешенді аудит жүргізіп жатыр.

Қостанай облысындағы акушерлік және педиатриялық қызметтерге кешенді аудит басталды
Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, еліміздің жетекші мамандары өңірдегі ана мен бала денсаулығын сақтау қызметтеріне ұйымдастырушылық-әдістемелік көмек көрсету үстінде.

Мониторингтің негізгі мақсаты – босанатын әйелдер мен балаларға медициналық көмек көрсету стандарттарының сақталуын бақылау, медициналық қызметтердің сапасын арттыру және ана мен нәресте өлімін төмендету бойынша ұсынымдар әзірлеу.

Қостанай облысындағы акушерлік және педиатриялық қызметтерге кешенді аудит басталды
Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

Мониторинг тобының құрамына Қазақстанның жетекші ғылыми орталықтары мен бейінді жоғары оқу орындарының өкілдері кірді. Олардың қатарында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры, ведомствоның акушерлік көмек бойынша штаттан тыс бас реаниматологы, медицина университетінің штаттан тыс бас педиатры, «University Medical Center» (UMC) корпоративтік қорының акушер-гинекологтары, сондай-ақ тәжірибелі неонатологтар мен эпидемиологтар бар.

Делегация стационарлар мен медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) көрсету ұйымдарын қамтиды. Мамандар 10 аудандық орталық және қалалық ауруханаға баруды бастады. Олардың қатарында Жангелдин, Амангелді, Қостанай, Жітіқара, Денисов, Федоров және Қарабалық аудандарының, сондай-ақ Арқалық, Лисаков және Рудный қалаларының медициналық ұйымдары бар.

Сарапшылар жүкті әйелдер мен балалардың жіті жағдайларында шұғыл медициналық көмек көрсетуге медициналық ұйымдардың дайындығын бағалайды.

Қостанай облысындағы акушерлік және педиатриялық қызметтерге кешенді аудит басталды
Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

Скринингтік тексерулердің сапасына, жіті респираторлық вирустық инфекциялар мен пневмонияның профилактикасына, жоспарлы вакцинациялауға, ерте араласу әдістерін енгізуге және ерте шақтағы балалардың даму барысын бақылауға ерекше назар аударылады.

Аудит қорытындысы бойынша Денсаулық сақтау вице-министрінің, облыс басшылығы мен медициналық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен кеңейтілген кеңес өткізіледі. Онда өңірдегі педиатриялық және акушерлік-гинекологиялық көмекті одан әрі жетілдіруге бағытталған нақты шешімдер ұсынылады.

Осыған дейін Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту аясында ауылдық жерлерде жүздеген жаңа медициналық нысан пайдалануға беріліп, дәрігерлерді қолдау шаралары күшейтілгені туралы жаздық.