Қостанай облысындағы елді мекендерде жабайы түлкілер жүр
АСТАНА. KAZINFORM – Қостанай облысының Жітіқара ауданында жабайы түлкілердің елді мекен аумағында жиі көрінуі тіркелді. Тіпті, түлкінің адамға шабуыл жасағаны туралы хабарланды.
Жітіқара ауданы әкімдігі жабайы жануардың адамға шабуыл жасағанын растады. Зардап шеккен тұрғынға қажетті медициналық көмек көрсетіліп, вакцина егілді. Денсаулығы тұрақты, ауруханаға жатқызу қажет болған жоқ.
Аудандық ветеринария бөлімінің мәліметінше, тұрғындар мұндай жағдайда сақ болуға тиіс. Ескерту мен жадынама таратуға қарамастан, кейбір азаматтар әлі де жабайы жануарларды өз бетімен ұстап, елді мекендерге әкеліп жүр.
Мамандардың айтуынша, мұндай әрекеттер аса қауіпті және жұқпалы аурулардың таралуына әкелуі мүмкін.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы жағдайдың тұрақты бақылауда екенін мәлімдеді. Ведомство жабайы аңдардың адамдарға жиі жақындай бастауы олардың санының көбеюі мен табиғи мекендеу ортасының тарылуымен байланысты екенін түсіндірді.
Қызмет өкілдері азаматтарға жабайы жануарларға жақындамауды және тістеу, тырнау немесе басқа да жарақат алған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгінуді ескертеді.
Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау облысында жергілікті тұрғынды қаңғыбас мысық тістеп, әйел адам құтыру дерті салдарынан көз жұмған еді.