Қостанай облысындағы Мәскеу ауылында төтенше жағдай жарияланды

Ауыз су құбырын тарту жұмысы кешіккен Қостанай облысы Қостанай ауданына қарасты Мәскеу ауылында техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды Kazinform.

су
Фото: Ашық көздерден алынған фото

«Қостанай облысы Қостанай ауданы Мәскеу ауылының аумағында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялансын. Төтенше жағдайды жоюға бағытталған іс-шаралар жүргізілсін», - делінген төтенше жағдайдың алдын алу жөніндегі комиссияның шешімінде.

Мұның мән-жайын анықтау мақсатында әкімдіктің баспасөз қызметіне хабарластық. Тиісінше, Kazinform тілшісінің сауалына аудан басшысы Берік Таңжарықов жауап берді.

«3 жыл бойы Мәскеу ауылын ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша құрылыс-монтаждау жұмысы жүріп жатыр. Бұған Шығыс Қазақстан облысының компаниясы жауапты болған. Биыл 4 айдан бері су құбырын тарту тоқтап тұр. Сәйкесінше, тұрғындар оны тез арада іске қосуды талап етіп, арыз жолдауда. Біз ескі мердігермен арадағы келісімшартты бұздық, өйткені онда қаржылық қиындықтар туындады. Ал қазір конкурс өткізіп, оның орнына жаңа мердігерді бекітсек, онда бұл келер жылға дейін созылып кетеді. Осыған байланысты біз төтенше жағдайдың алдын алу жөніндегі комиссияның отырысын ұйымдастырып, техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялау шешімін қабылдадық. Оның мақсаты - Мәскеу ауылын ауыз сумен қамту», - деді Қостанай ауданының әкімі Берік Таңжарықов Kazinform тілшісінің сауалына жауап бере отырып.

Оның сөзінше, құбырды тарту жұмысы жыл соңына дейін аяқталады.

Қоса кетейік, Мәскеу ауылдық округінде 1 500 тұрғын бар.