Қостанай облысының Торғай даласындағы керқұландар қалай қыстайды
АСТАНА. KAZINFORM - АСТАНА.KAZINFORM – Керқұландар суық пен қардан қорықпайды және өздерін туған мекенінда емін-еркін жүр, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Күз мезгілімен салыстырғанда жануарлар семіріп, жүні біршама қалыңдаған. «Қостанай облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы» РММ жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Рустам Бидибаев жануарлардың күйі жақсы екенін атап өтті.

— Дәл қазір Торғайда 70 сантиметрдей қар жатыр. Жылқылар далада да жайыла алады, күзетшілер де үнемі шөп салады. Өйткені, жануарлар жабайы табиғаттан емес, хайуанаттар бағынан. Оларды үйде тұратын және вахталық әдіспен жұмыс істейтін күзетшілер тәулік бойы қадағалайды. Керқұландар назардан тыс қалмайды,- деп түсіндірді маман.
Сонымен қатар мұнда студенттер, ғалымдар, түрлі органдардың мамандары келіп тұрады.
Ал төлдеу мәселесіне келетін болсақ, ол көктемге қарай, мүмкін жазда нақты белгілі болады. Қазір әбден семіріп алған жануарлардың сыртқы түрінен ештеңені аңғару мүмкін емес.

Бұған дейін Қазақстанда пржевальский жылқысын жоспарлы реинтродукциялау жұмыстары сәтті басталғаны хабарланған болатын. «Қостанай облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы» РММ-нің жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы бөлімінің мамандары жылқылардың жай-күйі туралы айтты.

Осыған дейін керқұландар Қостанай даласына қалай жерсініп жатқаны туралы материал жариялаған едік.
