Қостанай облысының тұрғындарына жылуға жұмсалған 106 млн теңге қайтарылады
ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM – Табиғи монополия субъектілері сыртқы температураны ескере отырып, жылу энергиясының құнын жыл сайын қайта есептеуге міндетті.

Мұндай норма «Табиғи монополиялар туралы» ҚР заңының 2 бабы, 11 тармақшасында бар.
Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен бекітілген тарифтерді қалыптастыру тәртібіне сәйкес, жылу есептегіш құралдары жоқ тұтынушылар үшін төлем қайта есептелетін болады. Оларға есеп Қостанай облысы әкімдігінің қаулысымен бекітілген норматив бойынша жүргізіледі.
Табиғи монополияларды реттеу департаменті табиғи монополия субъектілері ұсынған деректер негізінде жүргізген талдау нәтижесінде, 2024–2025 жылғы жылыту маусымында сыртқы ауа температурасының нақты көрсеткіштеріне байланысты Қостанай облысының тұтынушыларына қайтарылуы тиіс сома ҚҚС-сыз 95,4 млн теңгені немесе ҚҚС-ты есептегенде 106,9 млн теңгені құрады. Бұл соманың едәуір бөлігі, нақтыра айтқанда 47 млн теңгеден астам қаржы Қостанай қаласына тиесілі.
Қаржы жылумен қамтамасыз ету қызметіне төлемді түзету арқылы қайтарылады.
Осыған дейін Жетісу облысында монополист жауапқа тартылып, жылу тарифі төмендетілгені туралы жаздық.