Қостанай облысы инвесторларға 157 жобаны таныстырады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қостанай облысы инвестиция тарту үшін тың мүмкіндіктерге жол ашу бағытында ұдайы белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Осыған байланысты 5-сәуірде Астана қаласындағы «Rixos» қонақ үйінде дипломатиялық корпус үшін Қостанай облысының инвестициялық тартымдылығына арналған форум өткізілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 
None
None

«Қостанай облысының әкімдігі өңірге инвестиция тарту бағытында жан-жақты жұмыстар атқарып жатыр. Өңірде бәсекеге қабілеттілік басымдықтарының деңгейін көтеру және облыстың инвестициялық климатын жақсартуға бағытталған қадамдар қарастырылған. Мәселен, өткен жылы сыртқы инвестициялардың жалпы көлемі 11,1 млрд. теңгені құрап, көрсеткіш 2015 жылға қарағанда 11% артты», - делінген баспасөз баянында.

Өңірдің экономикалық дамуы үшін кәсіпорындардың сыртқы экономикалық қызметін жандандыру, оларды халықаралық саудаға интеграциялау үлкен маңызға ие екені түсінікті. Бұл ретте 2016 жылы облыстың сыртқы сауда айналымы 1,6 млрд долларды құраған. Сауда айналымы құрылымында экспорттық жеткізілімдер 53,5 пайызға немесе 870,3 млн. долларға жеткен. Ал импорттық операциялар үлесі 46,5 пайыз болып, 785 млн. долларды құрады. Соның ішінде соңғы жылдары мемлекеттік қолдаудың арқасында айтарлықтай өндірістік-экономикалық әлеуетке көтерілген агроөнеркәсіптік кешен ауыл шаруашылығы өнімдерінің барлық түрлері бойынша орнықты өсімге қол жеткізді. Ал ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 2010 жылдан 2016 жылға дейінгі аралықта 1,5 есеге артып, 947 млн долларды құраған.

«Қостанай облысы республиканың жетекші агроөнеркәсіптік кешені ретінде еліміздің «нан себетіне» де өзіндік үлесін қосып келеді. Тек 2016 жылдың өзінде 1107 мың тонна ұн өндіріліп, 956 мың тоннасы облыстан тысқары аумаққа жөнелтілген. Оның 860 мың тоннаға жуығы немесе шамамен 90 пайызы шетелге экспортталған. Бұдан бөлек, 2016 жылы 1,4 млн. тонна астық дақылдары, 900 мың тоннадан астам өсімдік майы экспортталды», - делінген баспасөз баянында.

Айта кетерлігі, Қостанай қаласында инвесторлар тарту үшін жалпы аумағы 400 гектар болатын индустриялық аймақ құрылысы жүріп жатыр. Одан бөлек, өңірде Қостанай Агроөнеркәсіп кешені паркі жобасы да қолға алынған. Республика бойынша бірегей саналатын аталған жоба ауыл шаруашылығы саласының экспорттық әлеуетін арттыруға, ауыл шаруашылығы өнімдері саудасының бірегей жүйесін құруға, өнімдерді делдалсыз сату мүмкіндіктерін кеңейтуге септігін тигізеді.

Ықтимал отандық және шетелдік инвесторларға таныстыру мақсатында бос, тоқтап қалған объектілер, инвестиция қажет ететін жер учаскелері секілді басқа да жобалар тізімі жасалған (оған 157 объекті еніп отыр). Бұл тізімге енген жобалар форум барысында шетелдік елшілерге таныстырылатын болады. Жалпы форумға Қостанай облысының 30 кәсіпорын өкілдері қатысып, оның аясында 37 жоба таныстырылмақ, соның ішінде жалпы сомасы 1,5 трлн теңгені құрайтын 24 жоба бар. Ал ондағы 13 жобаның экспортқа бағдары басым. Жиын қорытындысы бойынша бірқатар келісімшарттар мен меморандумдар жасалады деп күтілуде. Тұтастай алғанда форум өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын арттырып, Қостанай облысының өнімдерін экспортқа шығару үшін әртүрлі елдердің бизнес-құрылымдарымен өзара көмекті күшейтуге септігін тигізетін болады. Жиынға Қостанай облысының әкімі А.Мұхамбетов, Сыртқы істер министрі Қ.Әбдірахманов, Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек, шет мемлекеттер елшілері, БАҚ өкілдері, сондай-ақ 150-ге тарта мүдделі тараптар қатысады.

Соңғы жаңалықтар