11:07, 19 Ақпан 2009 | GMT +5
Қостанай облысы көктемгі егіс науқанына жан-жақты дайын
АСТАНА. Ақпанның 19-ы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ -Еліміздің барлық өңірінде депутаттар жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізді.
Айталық, Парламенттің Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Қостанай өңірінде бірнеше кездесулер өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қостанай облысының әкімі Сергей Кулагин депутаттармен кездесіп, өңірдегі экономикалық жағдай жөнінде баяндап берді. Осы аймақта азық-түліктің бағасы көтеріліп кетпеуі үшін кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқаны белгілі болды. Ақша айырбастау пункттерінде келеңсіздіктер орын алмауына мән берілуде. Облыстағы кәсіпорындар мен мекемелерге жұмыс орындарын қысқартпау жөнінде тапсырма берілген. Қостанай өңірі ? еліміздегі негізгі астық өндіруші облыс. Сондықтан көктемгі егіс науқанына баса мән берілетіні анық. Облыс пен аудан басшыларының мәліметіне сүйенсек, биылғы егіс науқанына тұқымдық бидай да, жанармай да, ауыл шаруашылығы техникасы да жан-жақты дайын. Дегенмен өңір басшылары ауқымды жұмысты өз деңгейінде өткізу үшін Үкіметтен қарастырылған қаржының Қостанай облысына бөлінетін үлесі келуін күтіп отырғандықтарын мәлім етті.Биылғы болжам бойынша елімізде егіннен жақсы өнім алынуға тиісті. Қыстың басында Қостанай өңірінде қар жаумағанмен, қазір жеткілікті мөлшерде ылғал бар. Өз кезегінде депутаттар тұрғындарға Парламенттің заң шығарушылық қызметі жайлы, «Нұр Отан» партиясының атқарып жатқан істері туралы түсінік бергендерін айтты.