Қостанай облысында 232 мектеп қашықтан оқытуға көшеді

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке, Білім және ғылым министрлігіне, әкімдіктерге жаңа оқу жылын ұйымдастыру бойынша бірнеше тапсырма берген болатын. Қазір осы тапсырмалар аясында жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 2020-2021 оқу жылының 1 тоқсанында білім беру процесін ұйымдастырудың негізгі тәсілдерін белгіледі. Жаңа оқу жылында қалалық жердегі барлық мектептер қашықтан оқытуды бастайды.
«Әзірге қашықтан оқыту оқу жылының басталуына арналған шешім ғана, одан әрі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтылығына байланысты мектептер мен колледждер штаттық форматқа біртіндеп өтеді. Облыстың білім беру саласының жаңа маусымның басталуына дайын. Жазда 1,4 млрд теңгеге 6 мың компьютер сатып алынды. Бұл білім беру ұйымдарының компьютер паркін 50%-ға жаңартуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, бүгінгі таңда облыста 492 мектептің 480-і жоғары жылдамдықты интернетке қосылған (4 Мбит/с) «, - деді облыстық білім басқармасының басшысы Василий Цымбалюк.
Оның айтуынша, қала, аудан әкімдері мектептерді дезинфекциялау тоннелі, кварц шамы және санитарлармен қамтуы тиіс. Сондай-ақ оқушы мен педагогті маскамен және қолғаппен қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдауы қажет.
«Өңірде 95,5 мың оқушысы бар 232 мектеп оқу процесін қашықтан ұйымдастырды. Бұдан бөлек, 1-5 сынып аралығында кезекші сыныптардың жұмыс істеуі жоспарланады. Алдымен ата-аналардың келісімін аламыз және әрбір мектепте тиісті жағдай жасалуы тиіс», - дейді Василий Цымбалюк.
Басқарма басшысының айтуынша, музыка, көркем еңбек, дене шынықтыру, дүниетану, өзін-өзі тану сияқты пәндер қашықтан өткізіледі. Мұндай оқыту форматы мектептерде індет жұқтыру қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Облыстың 34 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы жаңа оқу жылын қашықтан оқыту режимінде бастайды. Барлық колледжде бұған тиісті жағдай жасалған.