Қостанай облысында анасы мен 8 жасар баланың өмірін қиған азамат ұсталды

Бұл туралы бүгін Астанада өткен апталық брифингте Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.
«Қостанай облысында жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу кезінде әйел адам мен оның 8 жастағы баласын өлтірген Таран ауданының 37 жастағы тұрғыны ұсталды. Олардың зорлық-зомбылық белгілері бар мәйіттері ағымдағы жылғы сәуірде Увальное ауылында өздерінің үйінде табылған»,-деп тоқталды ресми өкіл.
Жедел деректер бойынша жәбірленуші мен күдіктінің арасында ұрыс-керіс болғаны анықталды. Ұрыс-керіс кезінде күдікті азамат әйел мен оның баласына пышақ салып өлтіріп, қылмыс жасаған жерден қашып кеткен.
«Қазіргі уақытта дәлелдеу базасын қалыптастыруға бағытталған жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 96-бабының 2-бөлігі бойынша (екі немесе одан да көп адамды өлтіру) қылмыстық іс қозғалды»,-деді Н. Ораз.