20:01, 11 Шілде 2017 | GMT +5
Қостанай облысында бір апта бұрын жоғалған баланың денесі табылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тобыл өзенінің жағалауынан 8 жасар Игорь Коцкийдің денесі табылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Қостанай облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«11 шілде күні сағат 17.00-де Корей көпірі аумағындағы Тобыл өзенінің жағалауынан Қостанай қаласының құтқарушылары 8 жасар Игорь Коцкийдің денесін тапты. Бүлдіршін 4 шілде күні жоғалған, оны іздеу жұмыстарына бір апта бойына тек полицейлер, құтқарушылар ғана емес, сондай-ақ еріктілер де атсалысты», - делінген хабарламада.
Қостанай облыстық ІІД Игорьді табуға көмектескен барлық еріктілерге алғыс айтады. Қазіргі таңда қажетті сараптама белгіленді.
Еске салайық, 8 жасар Игорь Коцкийді іздеу жұмыстары бір апта жалғасты. Бұрын хабарланғандай, ол 4 шілде күні «Восток» дүкенінің аумағында жоғалған.