13:31, 10 Шілде 2016 | GMT +5
Қостанай облысында бруцеллезбен ауыратын 3 мың бас ірі қара анықталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Қостанай облысында тексеруден өткен 280 мың бас ірі қара малдың 3212-сі бруцеллезге шалдыққаны анықталды. Тексерілген 332 мың ұсақ малдың 69-ы ауырады.
Бұл жайында alau.kz хабарлады.
Мал дәрігерлігі басқармасының басшысы Берікжан Қайыпбайдың айтуынша, аурудың негізгі себебі ветеринариялық-санитарлық талаптардың сақталмауынан және ведомстволық ветеринариялық қызметті ұйымдастырудың нашарлығынан болып отыр.
Ірі қара малдың бруцеллезіне байланысты эпизоотиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша облыстың алты ауданына - Қарасұқ, Әулиекөл, Амангелді, Қамысты, Жангелдин және Денисов аудандарына 2014-2016 жылдарға арналған жергілікті жоспарларды жүзеге асыру жұмыстары өткен жылдан бері жақсы нәтиже көрсетіп келеді.
Жангелдин ауданындағы ірі қара малдың бруцеллезбен ауыру деңгейі 2 жарым есеге, Амангелді ауданындағы жұғу 6 есеге азайған.
ІҚМ шаруашылығы құрылымдарында бруцеллезге қарсы вакциналарды бақылаусыз қолдану - ірі қара мал бруцеллезіне қатысты жағдайдың нашарлау факторларының бірі болып отыр.
Болған жағдайға байланысты, облыс әкімі орынбасарының тапсырмасымен мал бруцеллезі кең тараған аудандарға әдістемелік және практикалық көмек көрсету үшін тәжірибелі мамандар жіберілді.