Қостанай облысында есірткі затын өткізбек болған азамат 11 жылға сотталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында есірткі затын өткізбек болған Николай Муренкоға қатысты сот үкімі шығарылды, деп хабарланған ҚР Жоғарғы сотының сайтында.

«Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья А.Жұмағұловтың төрағалық етуімен ҚР ҚК 259-бабының 3-бөлімі «в» тармағымен (аса ірі көлемде есiрткi заттарын немесе жүйкеге әсер ететiн заттарды өткiзу, дайындау, ұқсату, жөнелту мақсатында заңсыз иемденiп алу не өткiзу) айыпталған Николай Муренкоға қатысты сот үкімі шығарылды», делінген хабарламада. Қылмыстық іс материалдары бойынша, 2014 жылдың 15 шілдесінде Н.Муренко сақтау, тасымалдау және өткізу мақсатында Аманқарағай кентінен салмағы 1000,05 грамм болатын героин алған. Кейін есірткі затына масаң болғанына қарамастан, ол Фольксваген-Гольф көлігін басқарып Қостанай қаласына келген. Сол күні ҰҚК департаментінің қызметкерлері мен Қостанай облысы ІІД есірткі бизнесімен күрес басқармасымен бірлескен жедел іздестіру шарасын өткізу барысында Н.Муренко Қостанай қаласындағы дүкенің маңынан ұсталған. Оның көлігінен өткізу мақсатында заңсыз тасымалдаған полиэтиленді түйіндерде сақталған героин табылған. Сот Николай Муренконы ҚР ҚК 259-бабының 3-бөлімі «в» тармағымен (1997 ж. 16 шілдедегі редакциясында) қылмыстық іске айыпты деп тауып, оған аталған бап бойынша ерекше тәртіптегі түзеу колониясында 11 жыл жазасын өтеуге және мүлкін тәркілеуге үкім шығарды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар
telegram