15:08, 10 Ақпан 2011 | GMT +5
Қостанай облысында қарлы боран салдарынан автожолдар жабылды
ҚОСТАНАЙ. 10 ақпан. ҚазАқпарат /Петр Плахотников/ - Қостанай облысында ауа-райының қолайсыздығынан мектептегі сабақтар өткізілмей, елді мекендерге көлікпен кіріп-шығуға тыйым салынды.
Қатты боран бүгін түнде басталды. Метеорталықтың мәліметінше, желдің жылдамдығы секундына 25 метрге жеткен. Қазір желдің күші біраз азайып, секундына 15-20 метр жылдамдықта соғып тұр.
Білім беру бөлімдері бүгін бірінші ауысымдағы 1-5 сыныптың оқушылары үшін, екінші ауысымдағы 1-8 сынып оқушылары үшін сабақ болмайтынын жариялады.
Қостанай гидрометеорталықтың ауа-райын болжау бөлімінің бастығы Валентина Загребинаның айтуынша, жауған қардың мөлшері 6 мм-ге жеткен. Синоптиктердің болжауынша Қостанай облысындағы қарлы боран үш тәулікке созылады.