12:32, 04 Қараша 2017 | GMT +5
Қостанай облысында мамонттың азу тісі табылды
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысының Жанкелдин ауданында ежелгі заманда тіршілік еткен жануардың азу тісі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл артефакт кеше Жанкелдин ауданына қарасты Аққора қыстағынан табылды. Жергілікті шаруа Мұрат Салмұратов мұны ауыл іргесіндегі қыраттан тауып алғанын айтады.
«Басында мамонттың тісі екенін білген жоқпын. Дегенмен, ғаламтордағы суреттермен салыстырсам, дәлме-дәл келіп тұр. Жақында орталық музейге тапсырамын», - деді Мұрат Салмұратов.
Азу тістің ұзындығы - 16 см. Музей қызметкерлерінің айтуынша, мұндай мамонт қалдығы аймағымыздың бағзы дәуірдегі фаунасынан сыр шертетін экспозициялар қатарынан өз орнын табады. Бірақ оған дейін ол әуелі барлық ережелерге сәйкес қоймаға рәсімделіп, жарық пен оттегі әсерінен бүлінбес үшін арнайы химиялық құрамдармен өңделуі керек.