Қостанай облысында мемлекеттік тілде оқытатын бес жаңа мектеп ашылды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында мемлекеттік тілде оқытатын мектептердің саны жыл сайын артып келеді. Соңғы бірнеше жылдың өзінде өңірде 5 жаңа мектеп қолданысқа берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қостанай облысында мемлекеттік тілде оқытатын бес жаңа мектеп ашылды

Қостанай облысында барлығы 494 мектеп бар, онда 112 мыңнан астам бала білім алады. Мемлекеттік тілде оқытатын мектептер саны – 116, бұл жалпы мектеп санынның 24%.

«Соңғы жылдары облыста мемлекеттік тілде оқытатын 5 жаңа мектеп ашылды. Келесі оқу жылында мектепке дейінгі ұйымдарда қосымша 22 топ, мектепалды даярлық сыныптары мен 15 мектепте бірінші сыныптар, сондай- ақ 5 колледжде мемлекеттік тілде оқыту топтары ашу жоспарлануда», - деп хабарлады облыстық Білім басқармасының кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Зәуре Бәйменова.

Бүгінде аймақтағы 192 балабақша мен 370 шағын орталықта 30 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатыр. Мектепке дейінгі тәрбиемен 2 – 6 жасқа дейінгі балалардың 89,7% және 3-6 жас аралығындағы балалардың 99,9% қамтылған. Дегенмен кезекте 10 мыңнан астам бала бар.

Білім басқармасының басшысы облыс орталығындағы жаңа ықшамаудандарда 1120 орындық 4 балабақша салу қажеттігін де алға тартты. Бұл балабақша кезегін айтарлықтай азайтады.