Қостанай облысында полицияның фронт-офистері ашылды
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Азаматтарды қабылдау үшін» фронт-офистері жұртшылықпен тікелей байланыста жұмыс істейді. Президенттің Жолдауын жүзеге асыру барысында ашылған фронт-офистің мақсаты - сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, азаматтарға ыңғайлы қызмет көрсету, өтініштерді қарау мерзімін қысқарту.
Кеңсе заманға сай жабдықталып, компьютерлер «Egov» электрондық үкімет порталына қосылған. Сондай-ақ, мұнда банкомат, төлем терминалы орнатылды.
Қазіргі уақытта фронт-офистер облыстағы 13 қалалық және аудандық полиция бөлімшесінде орнатылған. Желтоқсан айының соңына дейін осындай тағы 3 нысан салу жоспарда бар.
Фронт-офисте халықты жергілікті полиция қызметінің, әкімшілік полицияның білікті мамандары, тергеушілер қабылдайды. Сонымен қатар, мұнда 20-ға жуық мемлекет қызмет түрі көрсетіледі.
Мәселен, Рудный қаласының Полиция бөліміне осы уақытқа дейін 1 мыңнан астам адам келді. Онда тапсырылған өтініштердің негізі лицензиялық рұқсат алу жүйесіне, қылмыстық істерді қарау мәселесіне қатысты. Қостанай облысы ПД Тылдық қамтамасыз ету басқармасының бастығы Анатолий Чуйко айтқандай, мұндай қабылдау бөлмелері тұрғындармен байланыстың ашықтығын қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Тәртіп сақшыларының заман талабына сай енгізген бірегей жобасы халықтың полицияға деген сенімін арттырады.
Елбасы қазан айындағы Жолдауында құқық қорғау органдарының жұмысын түбегейлі өзгертуді ұсынды. Сондай-ақ халықтың полицияға қатысты пікірін өзгерту қажеттігін жеткізді. Құқық қорғаушы жазалаушы емес, қиын жағдайда көмек беретін адам ретінде өз абыройын көтеруі шарт. Осы орайда, Президент құқыққорғау саласын реформалаудың нақты жоспарын әзірлеуді тапсырды.