Қостанай облысында пошта қызметкерінен 2,3 млн. теңге зейнетақы қаржысын қолды қылғандар ұсталды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Рудныйда полицейлер зейнетақы таратып жатқан пошта қызметкеріне шабуыл жасаған 2 күдіктіні ұстады. Бұл туралы Қостанай облыстық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.

Қостанай облысында пошта қызметкерінен 2,3 млн. теңге зейнетақы қаржысын қолды қылғандар ұсталды

«9 желтоқсанда Рудный қаласында пошта қызметкеріне шабуыл жасады деген күдікпен 27 және 25 жастағы екі адам ұсталды, - делінген хабарламада. - Зейнетақы төлеуге арналған 2 миллион теңгеден астам ұрланған ақша тәркіленді».

3 желтоқсанда қариялардың үйіне зейнетақы таратқан «Қазпошта» қызметкеріне подъезд ішінде белгісіз біреулер шабуыл жасады. Олар 2 миллион 360 мың теңге салынған сөмкені пошта қызметкерінен тартып әкеткен.

«Сол күні арнайы тергеу тобы құрылып, оны Қостанай облыстық ІІД бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Атығай Арыстанов басқарды, - делінген хабарламада. - Полицейлер тиісті шараларды ұйымдастырып, күдіктілерді қолға түсірді. Олардан ұрланған ақша тәркіленді».

Ұсталғандар кінәсын мойындады. «Қазпошта» бөлімшелеріне қауіпсіздік шараларын сақтау жөніндегі нұсқаулар жолданды.