Қостанай облысында шетелдік нөмірлі көліктердің қатысуымен 872 жол апаты болған

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында ресейлік тіркеудегі көліктердің қатысуымен көптеген жол-көлік оқиғалары орын алды. Тек бір күннің ішінде бірнеше апат орын алады. Қостанай облысының полиция департаментінде жол-көлік оқиғаларының статистикасы айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қостанай облысында шетелдік нөмірлі көліктердің қатысуымен 872 жол апаты болған

«Жыл басынан бері облыс аумағында шет мемлекеттерде тіркелген көлік құралдарын басқарған жүргізушілердің кінәсінен 872 жол апаты тіркелді. Оның ішінде 812 жол-көлік оқиғасы материалдық шығынға ұшыратса, 60- ында адамдар зардап шеккен. Оның ішінде 14 адам (бұл жол-көлік оқиғаларында қаза болғандардың жалпы санының 20%-ы – 71) қаза тауып, 66 адам жарақат алды», - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі. Мәселен, небәрі бір күнде ресейлік есептегі көліктердің қатысуымен 6 жол-көлік оқиғасы тіркелді. «Атап айтқанда, 8 қараша күні сағат 16:00-де Қостанай қаласының Дөненбаев көшесінің бойында Ресей Федерациясының мемлекеттік нөмірлері бар ГАЗ 33023 автокөлігінің 38 жастағы жүргізушісі жол қозғалысына назар аудармай, «Лада» автокөлігімен соқтығысты» - деген мысал келтірді полициядан. – Сол күні «102» пультіне Ресей Федерациясының мемлекеттік тіркеу нөмірі бар «ВАЗ» автокөлігінің жүргізушісі жол-көлік оқиғасын жасап, оқиға орнынан ізін суытқаны туралы хабарлама түсті. Көлік іздестірілуде.