14:52, 27 Қаңтар 2023 | GMT +5
Қостанай облысындағы ауылда өрттен ана мен бала қаза тапты
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысы Құсмұрын кентіндегі жеке үйлердің бірінде 34 жастағы әйел алты жасар ұлымен бірге өрттің құрбаны болды. Олардың мәйіттері өрт сөндіру кезінде табылды. Бұл дерекке ТЖД мен облыстық полиция департаменті түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қостанай облысы ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, өрт сөндірушілер 26 қаңтар күні сағат 09:09-да шақырылған. Жеке тұрғын үй өртенді.
«Сағат 09:17-де өрт сөндірушілер оқиға орнына келді. Құтқарушылар 15 шаршы метрді құрайтын қонақ бөлмедегі жиһаздың барлығы жанып кеткенін анықтады. Үйден газ баллоны шығарылды. Өрт салдарынан 34 жастағы әйел мен оның алты жасар ұлы қаза тапты», - деп хабарлады ТЖД.
Өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Қазіргі уақытта өрт орнында өрт зертханасының қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.
Бұл факті бойынша полицейлер мәйіттердің табылуы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын ғана хабарлады.