Қостанай облысының «алтын» жастары анықталды

«Жас Отан» ЖҚ облыстық филиалы төрағасы Ерлан Төлетаевтың айтуынша, «Жастардың алтын кітабы» алғаш рет 2005 жылы жарық көрді. 2010 жылы кітаптың бірінші томы аяқталды. Осы уақытқа дейін үздіктер тізіміне барлығы 184 лауреат енгізілген. Ал биыл 147 үміткер тіркелсе, оның 11-і ғана лайық деп танылды.
«Бұл кітапқа жыл қорытындысында үздік көрсеткіштерге жеткендердің есімдерін жазамыз. Сондай-ақ, мұны жастардың жеке көрсеткіштері деп қабылдамаған жөн. Бұл қоғам алдындағы жауапкершілік саналады, мыңдаған адам алтын жастарға қарап бой түзейді. Алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра беріңіздер!» - деді облыс әкімі марапаттау рәсімі кезінде.
Жылдың тағы бір ерекшелігі - лауреаттардың клубы құрылмақ. Бұл жастардың ерікті бірлестігі болады. Онда есімі құрметтелген жандар өңірде қалыптасқан проблемаларды бірлесіп талқылап, түрлі мәселелерді шешуде тиісті бастамалар көтермек.
«Кейде «Жастардың алтын кітабына» есімдері белгісіз адамдар кіріп кеткен деп сынап жатады. Меніңше, бұл дұрыс емес. Әр саланың мықты майталмандары бар. Олар өз істеріне жауапты. Былайғы жұрт оларды біле бермеуі мүмкін. Ерлік бір күнде жасалмайды. Аты аталған кітапта журналистика, спорт, білім мен ғылым, мәдениет, денсаулық тәрізді аталымдар жетерлік», - дейді облыстық жастар ісі жөніндегі басқарма басшысы Кенеш Әлімжанов.