16:43, 09 Тамыз 2023 | GMT +5
Қостанай тұрғыны жолдағы белгіні өз ыңғайына өзгертіп алған
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қостанай тұрғыны үйіне кірер жол үстіне сызылған белгіні өз бетінше өзгертіп алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат kstnews.kz-ке сілтеме жасап.

Ер адам бұрылуға тыйым салатын жол үстіндегі тұтас сызықтың арасын қара бояумен бояп тастаған.
Қала тұрғыны ҚР Әкімшілік кодексінің 630-бабы («Жолдардың, теміржол өткелдерінің және басқа да жол құрылыстарының зақымдануы») бойынша әкімшілік жауапқа тартылды. Аталған бап бойынша ол 2 АЕК, яғни 6900 теңге көлемінде айыппұл төлейтін болады.
Қостанай облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі жол қозғалысын өз бетінше реттеуге тырысу көлік апатына әкеп соғуы мүмкін екенін ескертті. Жыл басынан жолдағы белгілерді назарға алмаған 4 мыңнан астам жүргізуші жауапқа тартылды.