Қостанай: Уланған сотталушылар қайта түрмеге жеткізілді

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайдағы УК-161/4 түрмесінде уланып қалған 4 сотталушы ауруханадан шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық қылмыстық атқару жүйесі (ҚАЖ) департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
None
None

Еске салсақ, 20 наурыз күні Қостанай облысының Құсмұрын ауылындағы УК-161/4 жазасын өтеушілер мекемесінде бір топ сотталушы спирттік негіздегі химиялық сұйықтықты ішіп, уланып қалды.

Ведомствоның баспасөз хатшысы Динара Молдабаева мәлім еткендей, олар сол күні бірден Әулиекөл ауданының орталық ауруханасына жеткізілді. Медициналық шараларға қарамастан 4 сотталушының өмірін құтқару мүмкін болмады. Тағы төртеуі дәрігерлердің көмегімен аман қалды. Кейінірек тағы екі сотталушының уланып, ауруханаға жеткізілгені белгілі болды. Колонияда барлығы 10 сотталушы уланған.

«Жансақтау бөліміне түскен сотталушылар тиісті ем-дом шараларын алды. 26 наурыздағы мәліметке сәйкес, уланғандар Әулиекөл аудандық орталық ауруханасынан шығарылды. Олар жазасын өтеп жатқан колонияға жіберілді. Қазір жағдайлары бірқалыпты, дәрігерлердің бақылауында. Аталған оқиғаға қатысты қызметтік тексеру шаралары жүргізіліп жатыр», - деді Д.Молдабаева.

Белгілі болғандай, соңғы 15-20 жылда түзету мекемесінде осыған ұқсас төтенше жағдай тіркелмеген. Бүгінде мұнда 700 сотталушы жазаларын өтеуде.

 

Соңғы жаңалықтар