Қостанайда 2027 жылы бүкіл қалаға ортақ дизайн-код әзірленбек

АСТАНА. KAZINFORM — Қостанайда қаланың сәулеттік келбетін біріздендіру мақсатында ғимараттардың қасбетін әрлеу, маңайын абаттандыру және көшелерге жарнама орналастырудың ортақ тәртібін енгізу көзделіп отыр. Бұл туралы қаланың сәулеттік келбетіне арналған жиында айтылды.

Қостанайда 2027 жылы бүкіл қалаға ортақ дизайн-код әзірленбек
Фото: Дарья Аверченко/Kazinform

Қазір Қостанайда 2023 жылдың қарашасында Әл-Фараби даңғылы мен Байтұрсынов көшесі үшін бекітілген дизайн-код қолданыста. Содан бері аталған көшелердің бойындағы ғимараттардың қасбеті ретке келтіріліп, сәулеттік келбеті біріздендірілді.

Атап айтқанда, «Юбилейный» дүкенінің, ҚЖЭК, қалалық аурухана мен кооперативтік колледж ғимараттарының қасбеті жаңартылды. Теміржол вокзалы мен «Осьминог» аквапаркі ауқымды қайта жөндеуден өтті. Қазір «Большевичка» ЖШС-нің тағы екі нысанының қасбеті жаңартылып жатыр.

Десе де, ғимараттардың қасбеті мен кіреберісін жаңартуға қатысты ұсынымдарды орындамаған меншік иелері де бар.

— Биыл шілдеде Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі күшіне енді. Құжатта бүкіл қала аумағына арналған дизайн-код әзірлеу және бекіту мүмкіндігі қарастырылған. Сәулет бөлімі бұл жұмысты келесі жылдың жоспарына енгізуі қажет, — деді қала әкімінің орынбасары Алмат Исенбаев.

Қолданыстағы дизайн-кодтың негізгі қағидаттары қазірдің өзінде Қостанайдың өзге көшелерін абаттандыру және безендіру кезінде ескеріліп жүр.

Айта кетейік, бұған дейін сәулетшілер Қарағандыны қалай өзгертіп жатырғаны жөнінде материал жарық көрген еді.