Қостанайда 506 аялдаманың тек 17-сінде жылынуға болады
АСТАНА. KAZINFORM — Қостанайдағы 506 аялдаманың тек 17-сі ғана жылы павильонмен жабдықталған. Қала әкімдігі аялдама инфрақұрылымының қазіргі жағдайы мен оны дамыту жоспарлары туралы мәлімет берді.
Қала әкімдігінің мәліметінше, қазір Қостанайда 506 аялдама бар. Оның 17-сінде жылы павильон орнатылған.
Бұған дейін қалада шыныдан жасалған 191 аялдама павильоны орнатылған. Тағы 34 аялдамада кәсіпкерлік нысандары орналасқан.
2025 жылы Қостанайда 35 жаңа аялдама павильоны пайда болды. Оның үшеуі жылы, ал 32-сі ашық үлгідегі павильон.
2027 жылы қала билігі тағы 20 аялдама павильонын орнату мүмкіндігін қарастырып жатыр. Әзірше олардың қаншасы жылы болатыны және нақты қай жерлерге қойылатыны белгісіз.
Қазір Қостанайдың қалаішілік және қала маңындағы маршрут желісіне 40 бағыт кіреді. Оның 22-сі қала ішінде, 18-і қала маңына қатынайды. Күн сайын желіге 190 автобус шығады.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде жылы аялдамалар құрылысы ұзаққа созылып кеткенін жазған едік.