Қостанайда алаяқтар кәсіпкердің 24 миллион теңгесін жымқырған
ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM — Қостанай облысында интернет алаяқтық бойынша ірі іс тергеліп жатыр. Алаяқтар кәсіпкердің 24 миллион теңгесін алдап алған.
Полицияның мәліметінше, жәбірленушіге белгісіз біреулер қоңырау шалып, өздерін салық қызметкері етіп таныстырған. Олар қате толтырылған есеп туралы жалған хабар беріп, enbek.kz порталынан келетін SMS-кодты жіберуді сұраған.
Бірнеше минуттан кейін екінші қоңырау соғылып, алаяқтар бұл жолы өздерін полиция қызметкеріміз деп сендірген. Алаяқтар кәсіпкердің атынан несие алып, ақшаны шоттарға аудару арқылы тергеуге көмектесуді ұсынады.
Психологиялық қысымға ұшыраған кәсіпкер бірнеше несие алып, алаяқтар көрсеткен есепшоттарға 24 миллион теңге аударған.
Алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері ұрланған қаражат аударылған шоттардың иелерін анықтады. Олар Қазақстанның бірнеше өңірі мен көршілес елдерде орналасқан.
Құқық қорғау органдары бөтен ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыруға қатысу немесе банк деректеріне қол жеткізу қылмыстық құқық бұзушылық болып табылатынын еске салады.
Осыған дейін Таразда бірнеше рет алаяқтық жасаған шетелдік азамат елден шығарылығандығы жөнінде хабарладық.