Қостанайда апелляциялық сот банкрот кәсіпорын қызметкерлерінен 93 млн теңге өндіріп алу шешімін тоқтатты
ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM – Қостанай облыстық соты ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірумен айналысқан ЖШС-нің банкроттық рәсімі аясында бұрынғы қызметкерлерінен 93 млн теңгеден астам соманы өндіріп алу туралы шешімді заңсыз деп тапты.
Іс материалдарына сәйкес, банкроттық басқарушы 2021 жылы кәсіпорын шотынан бухгалтерлік құжаттармен расталмаған қаражат алынғанын алға тартып, үш қызметкерден бірлесіп өндіріп алу туралы талап қойған.
Бірінші сатыдағы Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты талапты ішінара қанағаттандырып, бухгалтердің көмекшісінен 87 млн теңгеден астам қаражатты өндіріп алу туралы шешім қабылдаған еді.
- Алайда апелляциялық саты – Қостанай облыстық соты істі қайта қарап, басқа тұжырымға келді. Сот бухгалтердің көмекшісі шоттан алынған 84 млн теңгені сол күні кәсіпорынның кассасына қайтарғанын растайтын дәлелдер бар екенін анықтады. Бұл деректер кассалық кітаптағы жазбалармен сәйкес келеді.
Сонымен қатар, банкроттық басқарушы кассалық кітаптағы ақша қаражатының түсу фактісін жоққа шығармаған. Ал банк көшірмесінде көрсетілген шамамен 3 млн теңгенің іс жүзінде алынбағаны дәлелденді, - делінген ақпаратта.
Осыған байланысты апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатының шешімін жойып, талапты толығымен қанағаттандырудан бас тартты.
Соттың қаулысы заңды күшіне енді.
Айта кетейік, Қостанай қаласының прокуроры тағайындалды.