Қостанайда Ауыл шаруашылығы министрлігінің экс-шенеунігі пара алғаны үшін сотталды
АСТАНА.KAZINFORM — Қостанай қаласының № 2 сотында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Комитетінің төрағасына қатысты қылмыстық іс қаралды. Шенеунікке жергілікті ЖШС директорынан пара алды деген айып тағылды.

Комитет басшысына қатысты тергеудің аяқталғаны 2024 жылдың қарашасында белгілі болды — оған Қостанай ЖШС директорынан жалпы сомасы 4,4 миллион теңге пара алды деген айып тағылды.
Іс материалдарына сәйкес, жауапкер 2024 жылдың маусым айында кіреберісте ЖШС директорының өз қызметкері арқылы аударған 2 миллион теңгесін, кейін тамыз айында кафеде отырып, қалған соманы алған. Кәсіпорын директорының өзінен 2,4 млн.теңге көлемінде пара алған. Пара арқылы 78 миллион теңгеден астам сомаға пестицидтерді бір көзден сатып алу мәселесі шешілді.
— Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында күдіктілер өз кінәларын толық мойындап, өкініш білдірді, сондықтан іс сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасымен сотқа жолданды, — деп түсіндірді облыстық соттың баспасөз қызметі.
Отырыс барысында мемлекеттік айыптаушы: бұрынғы төрағаға — 3,5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, 3,5 жыл мерзімге, қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтеуді және өмір бойына мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айыруды сұрады. Ал кәсіпорын директорына — мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл мерзімге қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде өтеуін талап етті.
Сотталушылар өз кінәларын толық мойындады. Нәтижесінде сот мемлекеттік айыптаушының өтінішін қанағаттандырды.
Тәркіленген пара сомасы мемлекет кірісіне қайтарылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.