Қостанайда «Ауыл 4.0» жобасы енгізілмек

Партия жиынында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алмагүл Бекбаева баяндама жасады. Оның айтуынша, биыл ауылдық мекендерді дамытуға арналған «Ауыл - ел бесігі» арнайы жобасы қолға алынбақ. Арнайы жоба ауылдарда тұрмыс сапасын көтеруге бағытталған. Бұл жоба аясында алдағы 3 жыл ішінде 90 млрд теңге қаржы жұмсалмақ. Арнайы жобаның басты мақсаты - ауылдың әлеуеті мен әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымын дамыту.
«Облыста 548 ауылдық мекен бар. Облыс тұрғындарының 45%-ы ауылдарда тұрады. Бүгінде аталған 151 ауыл болашағы бар перспективалы ауыл санатына іріктелді. Осы елді мекендерді дамытуға ел қазынасынан 1,5 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы мемлекеттік және әлеуметтік қызмет көрсетуді, сондай-ақ өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға жұмсалады. Алдағы уақытта ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған «Ауыл 4.0» жаңа стандарты енгізіледі. Ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымын жаңғырту да осы жобаның мақсатына кіреді», - дейді Алмагүл Бекбаева.
Жиында моноқалаларды дамыту мәселелері де сөз етілді. Алдағы үш жыл ішінде шағын қалалаларды дамытуға жыл сайын 10 млрд теңге бөлінетін болады. Бұл қаржы негізінен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жақсартуға жұмсалмақ. «Облыстағы 4 шағын қала: Рудный, Лисаков, Жітіқара, Арқалықта өңір халқының 27%-ы тұрады. Бұл қалалардың әлеуеті ірі кен өндіруші кәсіпорындарға тәуелді. Биыл аталған қалалардың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамытуға арналған 15 жоба қолға алынады. Оған 3 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылған», - дейді баяндамашы.
Сонымен қатар, қалаларға жақын ауылдарды экономикалық тұрғыда дамыту көзделуде. Қазіргі таңда облыс орталығы мен шағын қалаларға жақын 23 ауыл анықталды. Оларда 50 мыңға жуық адам тұрады.
Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде кіші және моноқалаларды дамыту үшін де жылына 10 млрд теңгеден үш жыл бойы қосымша қаражат бөлінетінін айтқан болатын .