Қостанайда әйелін өлтірген бұрынғы полиция қызметкері 9 жылға сотталды

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM – Іс қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотта қаралды. 

қылмыс
Фото: Kazinform

Cотталушы – полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының бұрынғы инспекторы. 

Қайғылы оқиға өткен жылдың қарашасында болды. Қостанай ауданында жер үйдің ауласынан әйелдің мәйіті табылды. Іс материалдары бойынша ерлі-зайыптылар арасында жанжал туындап, ер адам әйелін электр сымымен тұншықтырып өлтіргені анықталды. 

Қылмысты жасыру үшін әйелдің денесін гаражға апарып, оны өз-өзіне қол жұмсаған етіп көрсеткісі келген. 

Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, жәбірленушінің өлімі мойынның қысылуынан, яғни механикалық асфиксия салдарынан болған. 

Сотталушы өз кінәсін мойындап, өкінішін білдірді.

Сот ер адамды әйелін өлтіргені үшін кінәлі деп тауып, 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасын шығарды. Сотталушы «полиция аға лейтенанты» арнайы атағынан айырылды. 

Үкім заңды күшіне енген жоқ. 

Соңғы жаңалықтар