Қостанайда Батыс Қазақстан облысының күндері өтуде

ОРАЛ. ҚазАқпарат - 13-14 тамызда Қостанайда Батыс Қазақстан облысының мәдениет және өнер күндері өтуде.
None
None

Шара бүгін Қостанай қаласындағы «Мирас» мәдениет сарайында белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ақұштап Бақтыгерееваның «Ақ Жайық. Ақ шағала. Ақұштап» атты оқырмандармен кездесу кешімен басталды. Онда А.Бақтыгереева өз өлеңдерін оқумен бірге сауалдарға жауап берді. Ақынның сөздеріне жазылған әндер де орындалды. Қостанайлық әдебиетке құштар қауымға «Өмір - керуен, өлең - өзен» атты кітап көрмесі ұсынылды. «Батыс Қазақстан - Еуразия жүрегінде» атты тарихи-этнографиялық көрме де келушілердің назарын аударды.

«Ақ Жайықтан - толқынды Тобылға» атты мерекелік концертте ҚР еңбек сіңірген әртістері Қанатқали Қожақов, Жұмағаным Рахимова, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Жаңылсын Хасанова, Еркін Өтегенов, Дастан Есентеміров сынды әншілер, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері Ермек Қазиев бастаған домбырашылар, халықаралық «Серпер», «Жұбанов көктемі» фестивальдерінің лауреаты Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі (бас дирижері - мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Еркін Нұрымбетов), БҚО әкімі жанындағы эстрадалық-симфониялық оркестрі (жетекшісі Александр Шевелев), «Назерке» және «Ақжайық» халықтық би ансамбльдері өнер көрсетті.

Ертең Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының сахнасында Шыңғыс Айтматовтың «Жәмила» драмасын қоймақ.

Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайыновтың айтуынша, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасына сәйкес ҚР Мәдениет және спорт министрлігі өзара облыс апталығының кестесін бекіткен болатын. Осыған орай облыстар арасындағы байланысты одан әрі нығайту мақсатында аталмыш шаралар ұйымдастырылып келеді. Бұл - соның жалғасы. Мемлекет басшысының «Нұрлы жол - болашаққа барар жол» атты Жолдауында айтылғанындай, «Мәңгілік ел» идеясы елдің бірлігі арқасында ғана жүзеге асады. Бұл ретте өңірлердің түрлі саланы алға бастыруда тәжірибе алмасып, бір-бірімен қоян-қолтық араласуының маңызы зор.

Соңғы жаңалықтар