Қостанайда боран: Полицейлер көлік жүргізушілеріне бір тәулікте 16 рет көмектесті

ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Кешелі бері Қостанай облысында боран тұрып, көктайғақ болып жатыр. Ауа райының қолайсыздығына байланысты жол сақшыларының саны көбейтілді. Жол полициясы қызметкерлері бір тәулік ішінде қиын жағдайда қалған 16 көлік жүргізушіге көмек көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық жол полициясы баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қостанайда боран: Полицейлер көлік жүргізушілеріне бір тәулікте 16 рет көмектесті

Бүгін, таңертең 156-құрамдағы полиция лейтенанты АбылайханТәжиев пен аға сержант Жәнібек Біркемелов Алматы-Екатеринбург тасжолында шұңқырға түсіп кеткен автокөлікті шығарды. Кейінірек кезекшілік бөлімге Гайда Жандарбекова, Айгүл Ахметова және Гүлбану Малгелдина есімді азаматшалар хабарласып, көрсеткен көмектеріне алғыс білдірген. «Біз жолда кетіп бара жатқанбыз. Көлік жолдан шығып кетіп, шұңқырға құлады. Жол бойындағы полиция қызметкерлері бізге көмектесіп, көлікті шұңқырдан шығарып, ешкім зардап шекпеді ме деп сұрады. Біз алғыс хат жазғымыз келетінін айтқанда олар есімдерін айтудан бас тартты. Бұл біздің жұмысымыз деді. Бірақ біз жол сақшыларының көлік нөмірін есте сақтап қалдық», дейді Гайда Жандарбекова. «Үлкен алғыс айтқымыз келеді, өйткені адам қиындыққа тап болғанда көмектің дер кезінде келуі өте маңызды», деп атап өтті Гүлбану Малгелдина.

Облыста бүгін де ауа райы қолайсыз болып тұр. Полиция қызметкерлері жүргізушілерге алыс сапарға шықпауды сұрайды.