Қостанайда есірткі саудалаған қылмыстық топтың қалай ұсталғаны жарияланды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облыстық полиция департаментінде өткен брифинг барысында Қазақстанның оңтүстік аймақтарынан Қостанай және Нұр-Сұлтан қалаларына есірткі жеткізу және саудалаумен айналысқан қылмыстық топтың қалай ұсталғаны айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қостанайда есірткі саудалаған қылмыстық топтың қалай ұсталғаны жарияланды

Қостанай полицейлері қылмыскерлерді 22 наурыз күні еліміздің бірнеше өңірінде ұстады. Ведомство мәліметінше, жедел-іздеу шаралар кешенін өткізу барысында облыстық ПД есірткі қылмысына қарсы күрес жүргізу басқармасының қызметкерлері істің басты күдікті Денисов ауданының 51 жастағы тұрғынын анықтаған.

«Ер адам 2021 жылдың қаңтарында 8 адамнан құралған тұрақты қылмыстық топты ұйымдастырды. Есірткіні саудалау мақсатында ол жергілікті бес тұрғынды тартты. Көтерме партияларды Жамбыл облысы Шу ауданының 67 жастағы тұрғыны жеткізіп отырған, курьер рөлінде Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны болды. Есірткінің кезекті партиясын тасымалдау кезінде курьерден салмағы 5 келіден асқан гашиш салынған орама тәркіленді», - деп баяндады ведомстводан.


Бұдан басқа, топ ұйымдастырушысының тұрғылықты жерінен престелген 26 таблеткасы, сондай-ақ ақша мен банк карталары анықталды.

«Топ қатысушыларынан алынған есірткі заттарының жалпы салмағы – 10 келіден астам гашиш мен марихуана. Полицейлердің 7 тобы қылмыскерлерді бір уақытта Қостанай, Жамбыл облыстарынан және Нұр-Сұлтан қаласынан ұстады», - деді полиция департаментінен.

Облыстық есірткі қылмысына қарсы күрес жүргізу басқармасының бастығы Асылбек Әлмағамбетовтің айтуыынша, тәртіп сақшылары жыл басынан бері есірткіге қатысты 130-дан астам қылмыс пен құқықбұзушылықты анықтады. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 17 келіден асты.


Авторы Жанна Мұсабаева