Қостанайда есірткіні жарнамалайтын 100-ден астам граффити жойылды
АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай қаласында «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында есірткі құқық бұзушылықтарына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері граффити жазбаларын жою бойынша акция ұйымдастырды, деп хабарлайды ІІМ баспасөз қызметі.
— Іс-шара барысында есірткі заттарын және оларды таратумен байланысты интернет-ресурстарды жарнамалайтын 100-ден астам заңсыз жазба өшірілді. Акцияға есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері, сондай-ақ жоғары кооперативтік колледждің, индустриалдық және автожол колледжінің студенттері мен еріктілері қатысты, — дейді тәртіп сақшылары.
Полиция мұндай профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп келеді.
Сонымен қатар мектептер, колледждер және жоғары оқу орындарының студенттерімен жүйелі түрде жұмыс жүргізіп, олардың арасында «Заң мен тәртіп» қағидаттарын қалыптастыруға ерекше назар аударады.
Осыдан бұрын былтыр Қостанайда 214 адам есірткі қылмысы үшін сотталғанын жаздық.