Қостанайда интернет-дүкендер арқылы 470 млн теңге жымқырған әйел сотталды
ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM – Қостанайда интернет-дүкендер арқылы алаяқтық жасаған әйелдің ісі сотта қаралды.
Сот мәліметінше, айыпталушы өз атына тіркелген жеке кәсіпкерлік арқылы «Kaspi Магазин» және «HalykMarket» платформаларында тауарларды бөліп төлеуге рәсімдеуді ұсынған. Ол «0-0-12» және «0-0-24» бағдарламалары арқылы тауар алуды ұйымдастырып, бастапқыда міндеттемелерді орындауды көздемеген. Түскен қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.
Сонымен қатар, әйел өңірдегі ресми айырбастау пункттерінен тиімдірек бағам ұсына отырып, лицензиясыз валюта айырбастау қызметін де ұсынған. Клиенттерден алынған қаражатты ол жеке пайдасына иемденіп отырған.
Сот барысында айыпталушы кінәсін ішінара мойындады, тоғыз эпизод бойынша толық, ал 430 млн теңгеден асатын бір эпизод бойынша кінәсін мойындамаған.
Сот жеңілдететін мән-жайлар ретінде өкінуі мен кәмелетке толмаған балаларының болуын ескерді. Нәтижесінде оған орташа қауіпсіздік мекемесінде 6,5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, қаржылық қызметпен айналысуға 5 жылға тыйым салынды.
Сонымен қатар, жаза өтеу 5 жылға кейінге қалдырылды.
Жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздары толық көлемде қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, Қостанайда 3 млрд теңге субсидия жымқыру ісі бойынша үкім шықты.