Қостанайда карантинге қарамастан той жасап, құдалық өткізгендер жауапқа тартылды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында шектеу шараларына қарамастан той жасағандари әкімшілік жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қостанайда карантинге қарамастан той жасап, құдалық өткізгендер  жауапқа тартылды

Ведомство мәліметіне сүйенсек, өткен екі күн ішінде облыста карантин режимі 232 рет бұзылған. Шектеулерге қарамастан, аймақ тұрғындары туған күндер, үйлену тойлары мен еске алу кештерін өткізіп келеді.

«Қостанай қаласында отбасылық мерекелер, сондай-ақ еске алу іс-шараларын өткізу фактілері анықталды. Мысалы, «Еуразия» мейрамханасындағы үйлену тойына 50-ден астам адам қатысса, «Диярда» дәмханасында еске алу түскі асы өткен. Сондай-ақ облыс орталығында 35 адамның қатысуымен құдалық тойы ұйымдастырылды. Бұған қоса коттедждерде туған күндер мен қыз ұзату рәсімдерін өткізгендер анықталды. Облыстың бас санитар дәрігердің бұйрығымен тыйым салынған дәмханаларда 30-дан астам келуші тіркелді. Түнгі уақытта жұмыс істеген екі саунаның басшысы жауапқа тартылды», делінген полицияның ақпаратында.

Полиция департаменті карантин режимін бұзған барлық облыс тұрғындары әкімшілік жауапқа тартылатынын еске салады.

Айт кетейік, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов карантин режимін сақтау жөніндегі мониторингтік топтардың жұмысын күшейтуді тапсырды.