Қостанайда коммуналдық төлемдерге қойылған шектеулер алынып тасталды

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті Қостанай қаласы әкімдігінің «Қостанай жылу энергетикалық компаниясы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына қатысты өтінішті қарады. 

Коммуналдық төлемдер
Фото: freepik.com

— Талдау барысында кәсіпорын әрекеттерінде тауар нарығына қатысушылардың қол жеткізуіне және қызметіне кедергілер жасау арқылы монополиялық жағдайды теріс пайдалану белгілері анықталды. Атап айтқанда, коммуналдық қызметтерге (жылыту және ыстық сумен жабдықтау) төлем қабылдау тек екінші деңгейлі жекелеген банктердің мобильді қосымшалары арқылы жүзеге асырылған, — делінген хабарламада.

Аталған әрекеттер Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабы 10) тармақшасының бұзылу белгілеріне жатады.

Анықталған бұзушылықтардың нәтижесі бойынша Департамент тарапынан МКК «ҚЖЭК»-ке оларды жою қажеттігі туралы хабарлама жолданды. Кәсіпорын бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдап, қазіргі уақытта хабарлама толық көлемде орындалды.

Айта кетейік, бұған дейін Орал әуежайындағы баға саясатына байланысты заң бұзушылықтар анықталған болатын.