«Қостанайда өндірілген етке «алтын жалатқан ба?» - баспасөзге шолу

***
«Биыл 9 айда облыс сыртқа 1 тонна ғана сиыр етін экспорттаған Қостанай облысы еліміздегі ауыл шаруашылығына, оның ішінде мал шаруашылығына қолайлы өңір. Жер жетеді, астықты өңір болған соң жем де жеткілікті. Жақында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ет экспортын 2016 жылға қарай 60 мың тоннаға дейін жеткізу міндеті қойылғанын еске салды. Тиісті бағдарламаны жүзеге асыруға қазынадан 120 миллиард теңге бөлінген. Сөйте тұра, биылғы жылдың 7 айында Кеден одағынан сыртқа шығарылатын ет экспорты нөлге теңескен. Шұжық өнімдерінің экспорты да 2013 жылы нөлдік деңгейге түсіп, кәсіпорындардың жүктемесі 28 пайыз ғана болған. Бұл сын Қостанай облысына да қатысты», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі нөміріндегі «Қостанайда өндірілген етке «алтын жалатқан ба?» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, осыдан үш жыл бұрын индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында «Қарасу ет» кәсіпорны іске қосылған болатын. Мұнда өндірілген ет өнімдері еуропалық стандартқа сай келеді. Қасапхана, шұжық цехы сияқты кешенді өндіріс заманауи құралмен жабдықталған. Биыл 3 мың тонна ет өнімдерін шығарды. Өндіріс кәсіпорны 2015 жылы толық қуатына көшкенде ет өнімдерінің көлемін 5 мың тоннаға жеткізетін болады. Еттің сапасына ешкім мін таға алмайды. Барлық өнімнің 50 пайызын Қостанай қаласы тұтынады, 47 пайызы облыстың аудандары мен өзге қалаларына жіберіледі, 2 пайызының дәмін астаналықтар көреді, көрші Ресейге барлық шұжық өнімдерінің 0,5 пайызы ғана жөнелтіледі екен.
«Қарасу ет» кәсіпорны басшылығының ет өнімдеріне сұраныс болса, көлемін қамтамасыз етеміз деген құлшынысы да бар. Бірақ Ресей нарығына кіре алмай отыр.
Маңғыстаудағы атышулы жобалардың бірінің аты да, арты да шулы болғаны бүгінде жалпақ жұртқа жария. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің 22 қазандағы санында «Аққу бренді тығырыққа тірелді» тақырыбында мақала жарық көрген болатын. Бүгінде мәселенің мән-жайына тағы да тоқталған осы басылым «Аққулар» тұзаққа түсіп жатыр» деген тақырыппен мақала жариялады. «Маңғыстау облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті жүргізген тергеу анықтамасы сұмдық фактіні алға тартып отыр - халықты, мемлекетті алдаудан шімірікпегендері соншалықты, «планшет құрастырушылар» «Анира» айтқандай 610 млн. 485 мың теңгеге емес, «Сатурн Электроникс» компаниясынан 20 млн. теңгеге «планшет жасауға арналмаған» жабдықтар сатып алады. Жылына 67760 планшет, 43560 монитор және 40414 теледидар құрастыруға міндетті кәсіпорын бар-жоғы 1000 теледидар құрастырады, ал планшетті өзгенің өнімін «өзінікі» ретінде жариялап «қулығын асырып кетеді». Сондай-ақ, Маңғыстау облысы бойынша сот сараптама қорытындысы «Вектор Плюс» компаниясы жасаған жұмыстар құнын 73 млн. теңгеге жуық қаржыға шағып отыр», - деп жазады басылым.
***
Қазақстан Сенаты Үкіметке елімізге келетін еңбек мигранттарының саусақ таңбасын алуды ұсынып отыр. Өйткені универсиада, «ЭКСПО-2017» көрмесі секілді жаһандық іс-шаралардың дайындалуына және өткізілуіне орай ақысы жақсы жұмыс іздеп, ағылатын келімсектер қатары күрт артуы ықтимал. Оның үстіне ондайлар дәстүрлі Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Қытай, Түркиядан ғана емес, жер шарының әр шетінен келуі ғажап емес. Бұл жайында «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Саусақ таңбасына қарап, келімсекті таны» деген тақырыптағы мақалада баяндалған. Басылымның жазуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен кешегі жалпы отырыста сенаторлар «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне еңбек көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасын екінші оқылымда қарады. «Үкіметтік жобада болмағанымен, оған Мәжіліс атамекенге келген оралмандарға тек 5 жыл тұрған соң ғана азаматтық беру туралы бапты қосыпты. Сенаторлардың біразы бұған қарсылық білдірді. Мысалы, депутат Светлана Жалмағамбетова оралмандардың квотасы да алып тасталғандығын айтты. «Енді азаматтық алу үшін неге біздің қандастарымыз 5 жыл күтуі керек? Біз қандастарымызға сенбейміз бе? Әлде, дүниежүзінде қалыптасқан терроризмге байланысы бар ма деп оны тексеруге осынша уақыт керек пе?» деді ол. Дегенмен Сенаттың жобаға жауапты комитетінің ол мерзімді бір жылға азайта алғандығы анықталды», - деп жазады басылым.
«Айқын» газетінің жазуынша, соңғы бір ай ішінде доллар құнсызданып, евро салмақтана түсті. Тек соңғы аптаның соңғы күндерінде ғана доллар қайтадан әлденіп, евро қайтадан салмақ жоғалта бастады. Әлемдік фьючерстік сатылымдарда да бағалардың арзандауы тіркелді. Бірақ біздің Қазақстанның валюта нарығында теңгеміз доллардан да, евродан да салмақсыздануын қояр емес. Мұны кейбіреулер Кедендік одақ заңдарымен байланыстырады. Олардың айтуынша, үш мемлекет ұлттық валюталардың «салмағын» ақылдасып шешуге міндеттеме қабылдаған екен. «Кеден одағының жоғарыда тілге тиек болған заңын біз де білеміз. Бірақ бұл теңгенің құнсыздануына жол ашатын заң емес. Иә, теңге мұндай жағдайда бивалюталық қоржында бір мөлшерде ұстап тұруға тиіс. Доллар қымбаттаса, оған кеткен есені евродан қайтару керек. Ал евро қымбаттаса, есеміз доллардан алынады. Мінеки, заңдылық өмірімізде осылай өрнектелуі керек. Бұл - бір. Екіншіден, бивалюталық қоржын бойынша Ресей рублі де арзандады ғой. Ал арзандаған әріптес мемлекеттің ұлттық валютасын біздің ішкі нарықта қымбаттату одақтас мемлекетке жасаған қысастық болып шығады. Өйткені мұндай жағдайда біздің тауар Ресей тауарына қарағанда өтімдірек қасиетке ие болады. Қысқасы, бүгінгі ішкі валюта нарығында адам түсінбейтін «жүрістер» бар екені айдан анық», - делінген «Теңге ұтылуға тиіс пе?» деген мақалада.